$487.81 €527.62 ₽5.02
×

«Астана ЕХРО-2017» компаниясы және «KAZENERGY» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

AstanaTV
10.12.2014ж. 20:00
716
«Астана ЕХРО-2017» компаниясы және «KAZENERGY» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Астанада «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің отырысы аясында «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы және «KAZENERGY» қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар ірі инвесторларды тартуда, халықаралық шараларға бірлесе қатысып, көрменің жұмысын жан-жақты жариялап, жетекші сарапшыларды шақыруда қоян-қолтық жұмыс істемек.

Қауымдастық кеңесінің отырысында сонымен қатар «KAZENERGY» мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Энергетика министрлігі арасында да ынтымақтастық жөнінде меморандумдар қабылданды. Құжаттар аясында мұнай-газ және энергетика салаларын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, отандық өнім өндірісін арттыруға, инвесторларға қосымша мүмкіндіктер жасай түсуге ден қойылмақ.

Тимур Құлыбаев, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы: 

Министрлікпен әріптестік орнату біз үшін өте маңызды. Салада жүрген барлық кәсіпорындарды жер қойнауы, экология және салық бойынша заңдардың жетілдірілуі қызықтырады. Біздің кірісіміз бізге келетін инвесторларға жасайтын жағдайларға байланысты. Тек қана министрлік емес, жалпы орталық мемлекеттік органдармен әріптестігіміз жоғары деңгейде.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Энергетика министрлігі және «KAZENERGY» арасында тығыз қарым-қатынас орнағанына қуаныштымын. «KAZENERGY» қауымдастығының біліктілігі мен күш-қуаты артып жатқанына ризамыз. Бұл ынтымақтастық энергетика саласының алдына қойылған мақсат-міндеттерді тыңғылықты шешуде септігін тигізеді. Және әріптестігіміз өз жемісін көп күттірмейді деген сенімдемін.

Айгүл ӘДЕПБАЙ