$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Шымкенттік оқушы машиналардан ескен самалдан электр энергиясын алу тәсілін ойлап тапты

AstanaTV
10.12.2014ж. 20:00
1944
Шымкенттік оқушы машиналардан ескен самалдан электр энергиясын алу тәсілін ойлап тапты

Жүйіткіген автокөліктерден пайда болатын желді де кәдеге асыруға болады. Шымкенттік оқушы машиналардан ескен самалдан электр энергиясын өндіру тәсілін ойлап тапты. Асқат Құрал өзінің тың жобасы еліміздегі электр энергиясына кетіп жатқан шығындарды азайтатынына сенімді. Айтуынша, дәл осы жобада халықаралық Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік дәлізінің тағы бір пайдасын көруге мүмкіндік артып отыр. Өнертапқыштың тың жаңалығымен әріптесім Айзада Төребекқызы танысты.

Бұл құрылғы «жел генераторы» деп аталады. Бұны қазіргі таңдағы үлкен трассаларда, өткелдерге қоюға болады. Себебі бізде сондай өткелдерде, трассаларда жел ағыны өте көп болады.

Тың жобаның авторы - Асқат Құрал - физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Ол биіктігі 2-3 метр болатын бетон  маңайына қалқаншалар қою арқылы желді бір жерге топтастыруға болатынын айтады. Яғни жел генераторы арқылы тегін электр энергиясын алудың баламалы  жолын ұсынып отыр. Осы тұста желі басылмайтын аумақтардан бөлек Ұлы жібек жолының да жәрдемі болатынына сенімді.

Асқат Құрал, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

Жылдамдығы артқан сайын ол жерде желдің ағыны көбірек пайда болады. Жел келеді былайынан, мысалы, тек қана бір машина жүрмейді ол жерде, көп машина жүреді.Соның әсерінен неше түрлі жел ағымдары жан-жаққа таралады. Ал осы қақпақшалар жан-жаққа таралған желдерді осы тек қана генераторға қарай бағыттап отырады.

Өнертапқыш қазіргі қолданыстағы жел генераторларының кемшіліктерін атап өтті. Ол желдің жылдамдығы аз болған жағдайда, генератор айнала алмайтынын айтады. Ал жел қатты соққанда, генератор істен шығады, деді. Бұл олқылықтар жаңа жобада ескеріліпті.

Асқат Құрал, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

Мына қақпақшалардың көмегімен біз желдің жылдамдығын арттыра аламыз және, желдің жылдамдығы өте жоғары болған жағдайда, генераторға автономды түрде тежегіш қоямыз. Яғни желдің қуаты артқан сайын  генератордың жұмысын бірқалыпты сақтап тұрады. Және де, көріп отырғандай, үлкен қақпақша бөгеу тұр алдында. Ол жанама желді ұстап қалады. Тек қана жел генераторына бағыттап тұрады. Ал сонда осы бөгеудің арқасында біз жол апаттарының алдын аламыз. 

Алынған қуатпен жол бойларын жарықтандырып қана қоймай,  жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға мұз қатпауын да қамтамасыз етуге болатын көрінеді. Әзірше бұл жоба қағаз бетінде. Асқат жуырда екі бірдей байқаудан оқ бойы озып қайтыпты. Зияткерлік мектептер арасындағы ЕХРО-2017 «Болашақ энергиясы» байқауында бірінші орынды жеңіп алған оның ерекше жобасына қызыққандар көп көрінеді. 

Берік Мырзабаев, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  робототехника  курсының жетекшісі:

Егер сол электр генераторын біз  сондай халқы тығыз орналасқан жерлерге көп қоятын болсақ, ол жерде арнайы жоғары қуатты электр генераторын қояды. Жоғары қуаттылығы 3-5 мың ватқа шейін жететін қуаты.  Егер 3мың-5мың ватты арнайы батарейкаға сақтап, батареяны түнде халықты жарықтандырсақ, ол да өте пайдалы.

Асқат өзінің бұл жобасын енді патенттемек ниетте. Сәтін салса, оқушы өз жобасын «ЕХРО-2017» көрмесіне ұсынбақшы. Айтпақшы, бұл мектепте жас ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтардың  және бірі - күн энергиясын тиімді пайданалу. 

Өнертапқыш өрендердің ойлап тапқан дүниесін алғаш болып мектеп ұжымының өзі сынап, қолданып көрмек. Орталықтан шеткері орналасқандықтан, жарықтан жиі қағылатын ұжым көктем шыға  іске кірісуге қамданып отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ