$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Энергетика министрлігі бензиннің шектеулі бағалары туралы бұйрық шығарды

AstanaTV
10.12.2014ж. 20:00
1312
Энергетика министрлігі бензиннің шектеулі бағалары туралы бұйрық шығарды

Бензин бағасын арзандату туралы бұйрық түсті. Елімізде бүгінгі кештен бастап жанармай құны төмендеді. «Бағасы мемлекет тарапынан реттелетін мұнай өнімдеріне шекті бағаны белгілеу туралы» бүгін Энергетика министрлігі бұйрық шығарды.

Енді дизель отыны 107, Аи-80 - 89 теңгеден, ал Аи-92/93 маркалы бензині 115 теңгеден сатылады. Алайда, Астанадағы бензин құю бекеттерінде баға кешке дейін өзгермеді. Кей бекеттер қызметкерлері бұйрықтан хабардар болса да, баға тек кешкі ауысымнан кейін ғана өзгеретінін мәлімдеді.

-После вечерней пересменки сменим. -Это во сколько? -После 5.

Қазақстандық алып-сатарлар әліптің артын бағып, соңғы секундтарға дейін пайда көзін ойлап жатқанда, еліміздегі ресейлік жанармай құю бекеттері бағаны бұйрық күшіне енген сәттен төмендетіпті. Алайда, өзге май құю стансаларында әзірге өзгеріс байқалмады. Сенімді ақпарат көздеріне сенсек, Шымкентте бүгін түннен қалмай тағы бірнеше ірі жанар-жағармай бекеттері тамыз айындағы бағаға көшпек. Яғни АИ-92 115 теңге болса, дизель оны 107 теңгеге төмендейді.

Әмірхан Тәжібаев, «Газпромнефть» ЖШС учаске бастығы:

Алматыдағы бас кеңсемізден келген бұйрық бойынша, біз бүгінгі бағаны 92-ні 115 теңгеге өзгерттік. Дизельдің бағасын 107-ге өзгерттік. Бұл өзгерткен себебіміз министерстводан указ келді. Және де халықтың қамын ойлауда. Шымкент бойынша ең бірінші біз өзгерттік.

Алайда, бүгін кешке дейін, көптеген өңірлердегідей, Солтүстік Қазақстанда да бензин бағасы бұрынғы қалпында тұрды. Энергетика министрлігінің жаңа бұйрығы жергілікті жанармай құю станцияларына әлі жетпеген көрінеді. Тілшілерімізге сұхбат берген сұйық отынды саудалайтын кәсіпорын өкілі 92-маркалы бензинді әлі 128 теңгеден сатып жатқанын айтты. Алайда, көтерме саудамен айналысатын кейбір жанармай операторлары бағаны төмендете бастаған.

Надежда Поплавская, сату бөлімінің басшысы:

Бізге жанармайдың бағасын түсіру керек деген хабар әлі жеткен жоқ. Бірақ ондай сыбыс болған. Бізде бензиннің қоры жоқ, оны сақтайтын қойма да жоқ. Сондықтан сұйық отынды көтерме саудалап сататын операторлардан аламыз. Олар қазір 92-маркалы бензинді 102 теңгеден сатып жатыр.

Бұған дейін жанармай бағасы арзандайды деген алып-қашпа әңгіме шығып, кеше оны Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин растады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ