Ержан
Өтембаевты уақытынан бұрын түрмеден босату туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтің жақындары Астана қалалық апелляциялық алқа
сотына Өтембаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өткен айда
шығарылған сот шешімі бойынша шағым түсірген-ді. Алайда бүгін сот бұл шағымды
қанағаттандырмады.
«Ержан Өтембаевтың өзі денсаулығының сыр беруіне байланысты
бұл жолы да сот отырысына қатыспады», - деп жазады ИНТЕРФАКС. Өтембаев
«жүректің ишемиялық ауруы, қан тамырының зақымдануы» диагнозымен ауруханада ем
қабылдауда.
Еске салсақ, Парламент Сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан
Өтембаев белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін өлтіруге
тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған-ды. Алайда, қылмыстық іс бойынша
жаңа деректердің анықталуына байланысты, бұл мерзім 7 жылға шегеріліп, кейін
сотталушының өтініші бойынша жазасының басым бөлігін өтеген Өтембаевқа қатысты
сот мерзімінен бұрын шартты түрде босату шешімін шығарған.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ