Қазақстан ұлы «Жібек жолын» жандандыру арқылы
өзге мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайта түсуді көздейді. Бұл
туралы бүгін Мемлекет басшысы Ақордада жаңа қызметке ресми түрде кіріскен
бірқатар елдердің елшілерімен кездесуде мәлімдеді.
Бүгін Италия, Швеция, Литва,
Мысыр, Үндістан, Македония және Қытай елшілері Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім
грамоталарын табыстады. Шет елдік дипломаттарды құттықтап, нәтижелі жұмыс
тілеген Президент Қазақстанның аталған елдермен етене қызметтесуінің басым
бағыттарын айқындады. Мәселен, еліміз Мысыр Араб мемлекетінің Кеден одағының
еркін сауда нарығына қосылуын құптайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Египет Араб республикасымен ықпалдастықты
жандандыруды көздейміз. Каирдің Кедендік одақ елдерімен еркін сауда аумағына
кіру ниетін құптаймыз. Бұл қадам сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға
серпін беретініне сенімдімін.
Сондай-ақ Елбасы шет елдік дипломаттарды қазір
әлемде қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайда адамзатқа төнген қауіптерге
біріге төтеп беруге үндеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Сіздер
әлемдік құрылым өзгеріске түсіп жатқан кезде қызметке кірісіп отырсыздар.
Бүгінде жаһандық жаңа тәртіп, жаңа архитектура қалыптасу үстінде. Жергілікті
және өңірлік қақтығыстар, халықаралық терроризм мен экстремизм етек алуда. Оның
алдын алу үшін бүкіл мемлекеттердің күшін біріктіру қажет.
Азамат Алдоңғаров