Қазақстан Республикасы
Президентінің телерадиокешені Қазақ Ұлттық Өнер университетіне жылжымалы
телевизиялық стансаны сыйға тартты. Бейне өнімдердің толық циклды өндірісін
үйренуге мүмкіндік беретін техникаға қолы жеткен студенттердің қуанышында шек
жоқ. Станса құжатын университет ректоры Айман Мұсақожаеваға Президент телерадиокешенінің
бас директоры Ерлан Бекхожин табыстады.
Бүгінгі қазақ телевизиясына
техниканың түр-түрін жетік білетін, білікті маман даярлау - өнер университетінің
бір міндеті. «Стационарлық студиялардан тыс жерлерде телехабарлар түсірілімін
шапшаң әзірлеуге мүмкіндік беретін техниканы 15 жылдан бері армандадық»,- дейді
оқу ордасындағылар. Бұл әсіресе «Театр, кино және теледидар» факультетінің
студенттері үшін - теория мен тәжірибені ұштастыруда таптырмас құрал.
Сәулебек Асылжанұлы, Қазақ Ұлттық
Өнер университеті «Театр, кино және теледидар» факультетінің деканы:
Оқу менен тәжірибе алмасып,
осындай іскерліктің шыңына жетудің үлкен мектебі бізде бар. Сондықтан Астананың
атына сай мынау біздің Өнер уиверситеті мүмкіндігіне үлкен жол ашып отыр.
Сондықтан сіздерге мың да бір рахмет айтамыз.
1998 жылы құрылған Қазақ Ұлттық Өнер
университетін 15 жылдан бері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айман
Мұсақожаева басқарып келеді. «Әлем әртісі» атаған скрипкашы алғашқы күннен оқу
ордасын өркендету жолында еңбектенді. Бүгінде университет студенттері
академиялық бағдарламамен грант ұтып, шет елдерде шеберліктерін шыңдап жүр.
Өткен жылы университеттің аспаптар және симфониялық оркестрі, балет бишілері
мен хор тобы Лондон, Париж қалаларында концерт берді. Өнерпаздар Сеул
сахнасында да өнер көрсетті.
Айман Мұсақожаева, Қазақ Ұлттық Өнер
университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Өз тәжірибем мен мүмкіндігімді
таланттарды жастарды тәрбиелеуге жұмсай алатыным үшін бақыттымын. Бүгін бізге
сыйға тартылған станса - шәкірттеріміз үшін аса қажетті техника. Біздің
кезімізде мұндай кәсіби құрылғылар болған жоқ. Енді студенттеріміз маңызды
іс-шараларды өздері түсіріп, бағдарламалар әзірлей алады. Бұл кәсіби маман
дайындауға жасалған үлкен қадам.
Қазақ өнерінің саңлағы өз
шығармашылына да мықтап ден қойған. Германияның ең үздік студиясымен бір жыл
бұрын келісімшартқа қол қойып, қазір 4 альбом жазуда. Екеуінің жұмысы
аяқталыпты. Ал, Өнер университетінің симфониялық оркестрі желтоқсан соңында
Испанияда өнер көрсетеді. Келер наурызда Германияға гастрольмен сапарлайды. Ал,
маусым айында университет қабырғасында халықаралық конференция өткізу
жоспарлануда. Өнер ұжымында қазір қызу дайындық.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ