$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Шығыс Қазақстанда шыршаны заңсыз кесетіндермен күрес басталды

AstanaTV
11.12.2014ж. 10:00
1135
Шығыс Қазақстанда шыршаны заңсыз кесетіндермен күрес басталды

Шығыс Қазақстанда шыршаны заңсыз кесетіндермен күрес басталды. Өңірдегі жолдардың бойында орманшылардың арнайы бекеттері құрылып, тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Ал ағашты заңсыз кескен адамға 15-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгіленген. Сала мамандары қаскөйлерді ұстап, хаттама толтыру оңай шаруа еместігін айтады. Шырша төңірегіндегі мәселелер бір бұл ғана емес. Қылқан жапырақтыларды кесуге тыйым салынғаны шіріп, құлағалы тұрған кәрі ағаштарды жоюға қол байлау болып отыр.

Орман шаруалығында отыз жылдан бері еңбек ететін Андрей Лапшин әр ағашқа сипаттама беріп, түрі мен тұрпатын дөп басып айта алады. Сырт көзге жайқалып тұрғандай көрінгенімен, құлауға шақ тұрған ағаштар да бар. Олар көктемде шабылады. Бірақ бұл шыршаларды сатуға мүлдем болмайды. Мораторий жариялануына байланысты тұрғындар жасыл шыршадан, орман шаруашылықтары олжадан қағылып отыр, - дейді орманшы.

Андрей Лапшин, орманшы:

Мәселен, анау бір топ ағаштың тек сырты жасыл, ал оның іші мүлдем жансызданып, түбіне дейін шіріп кеткен. Қатты жел соқса, құлап қалады. Бұл жерде өскен шыршалардың тек 10 пайызы тәуір, қалғаны түгел ауруға шалдыққан.

Құлағалы тұрған қылқан жапырақтылар Жаңа жыл қарсаңында саудаға түссе, орман шаруашылықтары олжаға кенелмек. Түскен қаражат орманды қорғауға бағытталған ауқымды шараларға жұмсалар еді. Бірақ, сау шырша тұрмақ, ауру ағашты шабуға шектеу қойылған.

Виталий Чернецкий, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

Орманды түлейтін, жаңарып отыратын жер ретінде қарастыру керек. Бұл қаза беретін және 100-200 жылдың ішінде қайта пайда болатын көмір кені емес.

Жаңа жыл қарсаңында шығыста ресейлік шыршалардың саудасы қызып тұр. Бағасы 10 мың теңгеден жоғары. Сатушылар жергілікті тұрғындарға жасанды шырша сатып алуға кеңес береді. Ал орманшылар болса оның қауіпсіз емес екендігін ескертеді.

Виталий Чернецкий, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

Орман шыршасы 54-56 есе көмірсутегін бөледі. Ал жасанды да ондай қасиет жоқ. Сосын қолдану мерзімі өткен соң оны түпкілікті заласыздандыру керек. Ал табиғи шырша болса экологиялық тұрғыдан таза.

Мамандар ормандағы шыршаларды сататын болсақ екі миллион теңгеден астам пайда табар едік, - деп отыр. Бірақ, қылқан жапырақтыларды кесуге тыйым салынғаны бұған - қол байлау. Орманшылар өз ұсыныстарын тиісті министрліктерге де жолдап жатқан көрінеді.

Заңғар САНАЙ

  

Алдыңғы жаңалық