$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Түркияның оңтүстік және солтүстік батыс өңірлерінде су тасқыны тіркелді

AstanaTV
11.12.2014ж. 20:00
1297
Түркияның оңтүстік және солтүстік батыс өңірлерінде су тасқыны тіркелді

Түркияның оңтүстік және солтүстік батыс өңірлерінде су тасқыны тіркелді. Анталия, Едірне және Измир қалаларында бірнеше күн бойы толассыз жауған жауынның салдарынан көп жерлерді су басып қалды, деп хабарлайды осы елдегі тілшіміз. Әсіресе, Едірне мен Анталия шаһарларында жүздеген үй мен дүкен сөрелердің іші суға толып, тұрғындардың дүние-мүлкі жарамсыз күйде қалған. Сонымен қатар, 200-ден аса көлікті су шайып әкеткен.

Табиғи апаттан сақтану жолдарын қарастырып, мамандар мыңдаған қала халқын қауіпсіз жерге көшірді. Жергілікті билік адам шығыны жоқ екенін хабарлауда. Апат кезінде 900-дей азамат жәрдем сұрап, қоңырау соққан. Қазіргі күні төтенше оқиға байланысты Анталия мен Едірнедегі балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындары екі күнге жабылып, көптеген өңірлердің электр жарығы уақытша өшірілді. Түркия үкіметі аталған аймаққа арнайы құтқару тобын жіберді.

Селим Бурак:

Кеше кешкісін жаңбыр тоқмағасын, асханамызды ерте жаптық. Таңертең келсек, барлық жерді су басып қалған. Бөлмелер ішіндегі жиналған су 30 см жоғары. Тазартып, төгудеміз, алайда бәрібір сырттан аққан су қайта толып қалып жатыр. Мамандарды көмекке шақыруға әрекет еттік. Бірақ не шара? Даладағы су тоқтамайынша, нәтижесі болмас.

Туризм орталығы - Анталия қаласында - жаңбыр суының биіктігі жарты метрден жоғары. Синоптиктердің мәліметі бойынша, 24 сағат ішінде бір шаршы метр жерге шамамен 100 литрден аса жаңбыр суы жиналған. Бір миллион 100 мың халқы бар қалада көлік қатынасы тоқтап, жолдар жабылды. Елдің солтүстік батысындағы Едірне қаласында да төтенше жағдай жарияланып, мектеп пен университет ішінде қалған жастарды құтқарушылар келіп шығарған. 

Реджеп Гюрхан, Эдірне қаласының мэрі:

Төтенше жағдайларға жауапты басқармадан бірнеше көлік алдырып, қала ішін күндіз түні бақылауда ұстап отырмыз. Жауын жауған сайын көршіміз Болгария жақтан келетін өзеніміз де өз арнасынан асып, толып кетті. Бір аптадан асты тоқтаусыз жауып тұрғанына. Шығын бар, әрине. Бастысы - тұрғындармыз дін аман.