$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Елордалық «Барыс» командасы «Слован» клубынан ұтылды

AstanaTV
11.12.2014ж. 20:00
1215
Елордалық «Барыс» командасы «Слован» клубынан  ұтылды

Елордалық «Барыс» командасы тағы да ұтылды. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Братислава қаласының «Слован» клубына қонаққа барған Андрей Назаровтың шәкірттері 3-2 есебімен есе жіберді. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.



2015 жылдың басындағы маңызды спорт бәсекесі, әрине, әйгілі «Дакар» марафоны. Биылғы жарыс та әдеттегідей Аргентина, Чили және Боливия мемлекеттерінде өтеді. 50 елден жиналған 450 экипаж 9 мың шақырымнан тұратын күрделі жолдарда өзара мықтыны анықтайды. Дүбірлі жарыста Қазақстанның намысын қорғайтын «Астана» командасы жарысқа сақадай-сай дайын.

Артур Ардавичус, «Дакар» марафонының қола жүлдегері:

Жарысқа жақсы дайындықпен келіп отырмыз. Бұған дейін жаттығу жиынын өткізіп, жаңа көліктердің мүмкіндігін байқап көрдік. Мақсатымыз - тұғырдан көріну. Әрине, бізге үміт артып отырған жанкүйерлер сенімін ақтау үшін барымызды саламыз.

Бір айға жуық жалғасатын «Дакар» марафонының жеңімпаздары 17 қаңтар күні белгілі болады.

«Астана» велокомандасы әлемдік тур жарыстарына қатысатын болды. Бұл ақпаратты бүгін команданың бас менеджері Александр Винокуров растады.

Александр Винокуров, «Астана» велокомандасының бас менеджері:

Көптен күткен лицензияға қол жеткіздік. Биылғы маусым біздің команда үшін сәтті болды. Бірақ допингке қатысы бар спортшыларымыз бізді ұятқа қалдырды. Қазір команда ішінде допингке қарсы жұмысты күшейтеміз. Сонымен бірге биылғы жеңістер таза жолмен келгенін күллі әлемге дәлелдеп беруіміз қажет.

Естеріңізге сала кетейік. Маусым соңына қарай «Астана» командасының спортшылары ағайынды Максим және Валентин Иглиникилердің ағзасынан тиым салынған препараттар табылды.  

Самат ҚАНАҒАТОВ