«Ресей билігі рубльдің құнын
реттеп, елдегі тауарлардың бағасын бақыламақ». Мұндай мәлімдемені Ресей
президенті Владимир Путин Мәскеуде өтіп жатқан баспасөз конференциясы барысында
айтты. «Қазіргі экономикалық ахуал - сыртқы факторлардың жемісі. Әлемдік
нарықта мұнай мен газ бағасының құлдырауы осыған алып келді. Алайда бұл Қырым
үшін төленіп жатқан ақы емес», - деді Путин.
Ресей басшысы елдегі тұрақсыздық
пен экономикалық жағдай, ары кетсе, 2 жылға созылады деп болжады. Айтуынша,
әлемдік экономиканың өсуі Ресейдегі энергетика көздеріне деген сұранысты
арттырмақ. Ал ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты, Орталық банк пен
үкімет барлық тиісті шараларды қабылдап жатыр, деді. Путиннің сөзінше, рубльдің
құнсыздануына делдалдар кінәлі. Оның ішінде шет елдік компаниялар, қорлар мен
отандық қаржы ұйымдары да бар.
Конференция барысында, «Рейтерс» агенттігінің
тілшісі толқулар мен наразылық акциялары
елде болуы мүмкін бе деп сұраған. Ресей басшысы, «уайымдамаңыздар, ешқандай
төңкеріс болмайды, Кремльдің қауіпсізгі елдің тұрақтылығы сияқты мызғымайды»
деп, жауап қатты. Сонымен қатар Путин Қазақстан, Белоруссия және Армениямен
арадағы интеграциялық үдерістерге тоқталды. Қазіргі дағдарыс жағдайынан
Қазақстан олжалы шығады, ал Еуразиялық экономикалық одақ оған сеп болады деп
түйді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ