$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Күйіктен өлген баланың ата-анасы дәрігерлерді айыптауда

AstanaTV
12.12.2014ж. 20:00
2408
Күйіктен өлген баланың ата-анасы дәрігерлерді айыптауда

Атыраудағы Нығметовтер отбасы баласының өлімі үшін дәрігерлерді кінәлап отыр. Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында 7 жасар Даниярдың үстіне ыстық сорпа төгіліп, ол келесі күні қайтыс болды. Ата-ананың айтуынша, ауыл дәрігері күйік шалған баланы үйіне қайтарған. Ал ертеңіне аудандық ауруханаға апарар жолда, тіпті өз шаруаларымен бөгеліп, науқасты дер кезінде жеткізбеді, дейді. «Балаға дер кезінде көмек көрсетпеген дәрігер әлі жұмыста», - деп ашынады қайғы жұтқан әке-шеше. Тараптарды тыңдаған тілшіміз Базаркүл Нәдірқызы жалғастырады. 

Бақытсыз жағдай 1 желтоқсанда болған. Анасының айтуынша, 7 жастағы баласы Данияр ас үйде сабақ оқып отырып, жерге түскен қаламын алуға ұмтылғанда, пештегі сорпа толы ыдысты қағып кеткен. Ыстық тамақ баланың үстіне құйылды, дейді. Анасы лезде дәрігерлерге хабар беріпті.

Екі қолы, арқасы, сандары күйіп қалған ғой.

«Дәрігерлік амбулаториядағылар көмек көрсетуге асықпады», - деп ашынады опық жеген ата-ана. Олар жақпа май жағуға кеңес беріп, ертең келіп қарайтындарын айтқан. Ал ертеңіне келген жедел-жәрдем көлігі күйіп қалған науқасты аудандық ауруханаға апаруға тіпті асықпады, дейді.

Рузанна Сейітәлиева, марқұм Даниярдың анасы:

Жер столды мектеп жаққа апарды. Одан Қазауыл деген жерден бір медбике келінін алып шықты, шаруаларымен барады деп. Келінін алып шығып, Ганюшкинге барып, «Қазақтелекомға» барып, шоферға дейін бірінен соң бірі ақша төлейміз деп. Бала отыр ана жерде дірілдеп. Сосын барып, 11-де хирургияға салды.

Жанына батқан дертке дауа таппаған бала ауруханаға барған бойда көз жұмыпты. Ата-анасы бала өліміне дәрігерлер кінәлі деп санайды.

Рузанна Сейітәлиева, марқұм Даниярдың анасы:

1 емес, 3 рет шақырғанда, біздің Ақкөл поселкесіндегі доғдырлар келмей тұр ғой. Кешкі 5-те піскеннен ертеңгі күні 11-ге жеткізді ғой. Ең болмаса, қол-аяғы істемесе де, жаны қалар еді. Айтқан бойда алып келгенде, аман қалар еді.

Жергілікті амбулатория дәрігері болса, жағдайдың бұлай ушығатынын білмегенін айтады. «Жеңіл-желпі күйік шығар деп ойладық», - деп ақталды.

Бөпежан Қапетова, Ақкөл селолық амбулаториясының дәрігері:

Ертең таңертең барып қараймыз дедік. Басқа да қосымша шақыртулар болды. Екі жақтан да кінә бар: анасы жақтан да, бізден де. Вызовты дұрыс түсінбей қалдық.

Болған жайттан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар ішкі тексерістерін жүргізіп үлгерген. Айтуларынша, дәрігер науқастың денсаулығына өзі көз жеткізу керек еді дейді. Сондықтан қызметіне салғырт қараған әріптестерін сөгіспен жазалапты.

Дина Кәмелова, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқарамасы басшысының орынбасары:

Аға дәрігерлігінен босатылды. Қатаң сөгіс берілді. Талданды орнында. Денсаулық сақтау басқармасында оқу орталығы бар. Әрбір маманның кеткен қателігімен білімін, көмек көрсету деңгейін анықтап, бағалайтын оқу орталығы бар. Біз сол кісіні сол жерге жібереміз. Екінші рет өтпегенде, сертификатынан айырылады. Сертификатынан айырылғаннан кейін ол кісі емдеу жұмысын жасай алмайды.

Дегенмен, аудандық ішкі істер бөлімі адам өліміне орай қылмыстық іс қозғаған. Енді дәрігер Бөпежан Қапетова өз басшылығының алдында ғана емес, заң алдында да жауап беретінін айтты.

Жанкелді Қаспанов, Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы:

118-баптың ІІ бөлімімен іс қозғалды. Дәрігерлік көмек көрсетпегені үшін деген бап, амбулаторияның меңгерушісіне. Қазір сот-медициналық эспертиза тағайындадық. Экспертизаның қорытындысы келгесін, істі әрі қарай жалғастырамыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар аймақта мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырғанын айтты. Дей тұрғанмен, облыста дәрігерлердің науқастармен дөрекі сөйлесуі, сапасыз қызмет көрсетілді деген шағымдардың жиі түсетінін жасырмады. Ал істің ақ-қарасы анықталғанша, ауылдық амулатория дәрігері науқастарды бұрынғыша қабылдауын жалғастыра береді, өйткені ауданға шалғай орналасқан ауылда басқа маман жоқ. Амбулаторияда қызмет көрсететіні бар болғаны екі дәрігер. 

Базаркүл ІЗІМОВА