$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Павлодар өңірінің басшысы 18 млрд тенгені Жаңа жылға дейін игеруді талап етті

AstanaTV
15.12.2014ж. 10:00
1316
Павлодар өңірінің басшысы 18 млрд тенгені Жаңа жылға дейін игеруді талап етті

Павлодар облысына қарасты қала және аудан әкімдері Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекелерінде ел қатарлы демалмайды. Мейрам күндері олар өздері басқаратын аумақтарда еңбек етіп, жағдайды қадағаламақ.

Облыс әкімдігінің кезекті отырысында өңір әкімі Қанат Бозымбаев қоластындағыларға осындай талап қойды. Аймақ басшысының айтуынша, жергілікті жерлердегі әкім-қаралар той-томалақты емес, аяқсыз қалған жұмыстарын түгендеуі тиіс.

Айта кетейік, өткен жылдың бюджетін игеру ісі талқыланған жиында бірқатар олқылықтың беті ашылды. Енді Жаңа жылға дейін жергілікті билік 18 млрд теңгені игеруі шарт. Осыны ескерткен Қанат Бозымбаев алдағы мереке күндерінде де мемлекеттік мекемелер қалыпты күн тәртібінде жұмыс істейтіндігін айтты. Бұған қоса, мейрамдарда барлық тиісті органдар, атап айтар болсақ, ішкі істер қызметі, төтенше жағдай саласы, сот, прокуратура және жергілікті әкімдіктер өзара тығыз байланыс орнатуы тиіс.

Сондықтан, әр жерде кезекшілік ұйымдастырылмақ. Бұл - аймақ тұрғындарына мерекелерді атап өтуге қолайлы жағдай тудырып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында жасалған шара, - деді өңір басшысы.

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

18 млрд теңгені игеру міндеті тұр. Сондықтан, уақыттарыңызды қажетті-қажетсіз салтанатты шаралар мен той-томалақтарға жұмсамаңыздар. Ресми марапаттау мен құттықтауларды өткізген соң, бірден жұмысқа кірісіңіздер. Керек болса, күн-түн деген болмайды. Барлық сала қызметтерін демалуға емес, осы қалған 18 млрд теңгені игеруге жұмылдыру қажет.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ