$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті

AstanaTV
15.12.2014ж. 20:00
2108
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті

Экономиканы долларсыздандырып, инфляциялық үдерістерді тежеу қажет. Бүгін Астанада Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банкке осындай екі маңызды тапсырма жүктеді. Елбасы сондай- ақ бұл бағыттардың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының құрамдас бөлігіне айналуы керектігін ескертті.

Президенттің айтуынша, кезекті рет қыспаққа алғалы келе жатқан дағдарыстар ұзаққа созылмайды. Нұрсұлтан Назарбаев «қаржылай дағдарыс орын алған жылдары зейнетақы мен жалақыны бұдан әріге көтере алмаспыз, алайда бүгінгі деңгейді сақтауға міндеттіміз» дегенді қадап айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымызда аумалы-төкпелі заман келе жатыр. Тұтас дүниені шарпыған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналғанын көріп отырсыздар. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы-соқпақты жолға аяқ басқан секілді. Бізге де оңай болмайды, сондықтан алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездескен сайын қуат жинауға дайындалдық. Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге мойымаймыз, еңсені түсірмей, ертеңге сеніммен қараймыз. 

Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты - «Нұрлы жол» - жаһандық қауіп-қатерге тойтарыс беретін мықты құрал. Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғұмырлық екенін атап өтті Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекетіміздің жүрегі Астанадан тарайтын жолдар - адам мен тауарды ғана емес, елорданың жасампаз рухын күллі елімізге және дүниеге тарататын күретамыр. Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық. «Нұрлы жол» - біздің елдік құндылықтарымыздың қадіріне жеткізетін Мәңгі жол.

Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел - Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы» дей келе, өзінің «Тәуелсіздік толғауын» жариялады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ



 

{