Бүгін Тәуелсіздік күні. Қазақ елі үшін маңызы мол
мереке. Келмеске кеткен Кеңес режимінен іргемізді аулақ салып, Қазақстан
Республикасы деп аталатын мемлекетіміз дүниеге келген күн. Өз шаңырағымызды
тіктеп, босағамызды бекіткенімізге 23 жыл. 1991 жылдың соңына қарай КСРО
ыдырап, ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойылды. Дәл сол жылдың 16
желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Республиканың мемлекеттік егемендігі
және тәуелсіздігі туралы» Заңын қабылдады. Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы
тараған соң, кеңестік мемлекеттердің арасынан Қазақстан ең соңғы болып
мемлекеттік егемендігін жариялады. Тәуелсіздік тарихы туралы Айгүл Әдепбай
әңгімелейді.
Желтоқсан айы қазақ үшін қасиетті де қасіретті ай.
Дәл осы айда Тәуелсіздіктің бастауы болған желтоқсан көтерілісі бұрқ етті.
Қазақ жастары кеңес үкіметінің отаршыл, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы бас
көтеріп, бостандыққа бет бұрды. Дәл осы айда Қазақ Кеңес Социалистік
Республикасы Қазақстан Республикасы болып өзгертіліп, Конституциялық Заңды қабылдадық. Тәуелсіздік тұғырын
нықтадық. Еліміз «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімге» қосылды. Және
осы айда бүкілхалықтық сайлау қорытындысымен тұңғыш Президентімізді сайладық.
Көк байрағымызды желбіретіп, Елтаңбамызды айшықтап, Әнұранымызды асқақтаттық.
Кеңес Дүйсекеев, композитор, Қазақстанның еңбек
сіңірген өнер қайраткері:
Тәуелсіздік деген бүкіл қазақ үшін арман ғой. Мен
үшін де, мен қазақпын ғой. Сондықтан мен үшін де арман, өмір бойы
кішкентайымыздан армандаған арманымыз. Соған жеттік. Егемендігіміздің 23 жылдығы
құтты болсын. Біздің халқымызға бақыт алып келсін.
Ел Тәуелсіздігін алғаш болып Америка, одан соң
Қытай мен Ұлыбритания мойындады. Оларға артынша Моңғолия, Франция, Жапония,
Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті қосылды. Иран - Қазақстанның тәуелсіздігін
мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Қазақ Үкіметі құрылған кезден бастап,
экономиканы нығайтуға кірісіп, ел тұрмысын көтеруде үлкен табыстарға жетті.
Бүгінде Қазақ елі - әлемнің алпауыт елдерімен иық тірестіре алатын,
көршілерімен есік-терезесін тең ұстаған зайырлы мемлекет. 2014 жылдың 1
наурызындағы көрсеткіш бойынша, тұрғындар саны - 17 миллионнан асты. Бұл әлем
бойынша 62-орын. Ал жер көлемі жағынан әлемде 9-орындамыз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Көк Түріктер мен Алтын Орданың айбарын
айтпағанда, қазақ хандығы - біздің елдігіміздің түп тамыры. Тәуелсіз Қазақстан
халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлы арманын ақиқатқа айналдырды. Біздің
буын жаңа тарихқа Қазақстан Республикасы деген атпен аяқ басып, жас мемлекетті
әлемнің төріне оздырды. Ұлан ғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, елі бар, бабалар
жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым,
біздің халқымыз - ұлы халық.
Тоқсаныншы жылдары жас тәуелсіз мемлекетіміз БҰҰ,
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық Еуропалық даму
және қайта құру банктері, Халықаралық валюта қоры, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы,
Ислам Конференциясы Ұйымы сынды алпауыт ұйымдарға мүше болып, әлемдік аренаға
бет бұрды. Еліміздің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық
ұйымына төрағалық етіп, белді ұйымның саммитін өткізуі - қазақ тарихында алтын
әріптермен бедерленген күн болды. Ал 2015 жылдың бірінші қаңтарынан іске
кірісетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелегіміз экономикалық ахуалды
нығайтудағы соны қадам болмақ деп бағалады мамандар.
Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы,
профессор:
Әрине, қиындық болуы мүмкін. Өйткені жаңағы
айтқан екі мемлекетпен қарым-қатынаста экономикалық мәселелер болсын, сауда
қарым-қатынасы болсын, әр түрлі мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ түбі ол біздің
елімізге пайдалы шара ретінде өзінің нәтижесін беретініне мен күмәнданбаймын.
Қазақстанның атын әлемге танытып, абыройын
асқақтатқан тағы бір жетістік - жаңа Астанасы. Есілдің жағалауынан бой түзеп,
күн сайын жасарып жаңғырған әсем шаһар сан түрлі келелі кеңестердің ордасына
айналған. Ал сарапшылар тәуелсіз Қазақстанның алар асуы әлі де алда екеніне,
мемлекеттің болашағы баянды боларына нық сенімді.
Экономикасы қарыштап дамыған, келешекке нық қадам
басқан еліміз әлемдік деңгейдегі әріптес елдермен тиімді қарым-қатынасын
жалғастыра бермек.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Бүгінде Қазақстан - жаһандық энергетикалық
қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр. 2017 жылы еліміз әлемдегі
ірі мұнай және газ өндірушілері мен экспортқа шығарушылардың ондығына кірмек.
Біздің ендігі бағытымыз - қазақ хандығының 550 жылдығын атап, «Мәңгілік ел»
идеясы аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар
жол» атты Жолдауындағы жаңа экономикалық саясаттың мақсат-міндеттерін жүзеге
асыру. Сарапшылар бұл бағытта елдің әлеуеті жетіп артылатынын айтып жатыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ