$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Өскеменде отқа оранған үйден кішкентай бауырларын алып шыққан 8 жастағы бала марапатталды

AstanaTV
19.12.2014ж. 10:00
2697
Өскеменде отқа оранған үйден кішкентай бауырларын алып шыққан 8 жастағы бала марапатталды

Бүгінгінің батыры. Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылының 8 жасар тұрғыны Шыңғыс Естай отқа оранған үйден кішкентай бауырларын алып шыққан. Қайсар бала тілсіз жаудан көршілерін де құтқарып қалды. Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар басқармасы батыр баланы ерлігі үшін марапаттау ниетімен Ішкі істер министрлігіне хат жолдады.

Оқыс оқиға болған күні Шыңғыстың ата-анасы дүкенге шығып, балаларды сыртынан құлыптап кеткен. Шыңғыс үш, жеті жасар екі інісі және 5 жастағы қарындасымен үйде қалады. Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің мәліметінше, осы кезде электр желілерінің тұйықталуынан өрт шыққан.

Өрт шыққан кезде ініммен бірге сабақ орындап отырған едім. Қабырғалардың жанып жатқанын маған кіші қарындасым айтты. Өртті сумен өшірмек болдым, бірақ қызыл жалын ұлғая берді. Сол кезде есікке қарай жүгірдім. Ол жабық тұрды. Сосын ауыз үйдегі терезені сындырып, алдымен қарындасымды, кейін інілерімді шығарып, моншаға апардым.

Қайсар бала қауіпті жағдайда жедел әрекет етуді мектептен үйренгенін айтады. «Осыдан бірер күн бұрын ғана мұғалімдер өрттен қорғану ережелерімен таныстырған еді дейді», - Шыңғыс.

Мен інілеріммен қарындасыма көрпе жамылып, моншадан шықпай отырыңдар, дедім. Далаға суыққа шықпаңдар деп те ескерттім. Кейін көршілерге барып көмек сұрадым.

Тілсіз жау ауыздықталған соң көршілердің бірі Шыңғыстың аяғы жарақаттанғанын байқайды. Кейін балалардың бәрі ауруханаға жеткізілген. Абырой болғанда ешбіреуінің денсаулығына зиян келмеді.

Естай Самбай, Шыңғыстың әкесі:

Біз келгенде бәрі лапылдап жанып жатты. Сарайдағы малды көршілеріміз шығарып үлгерді. Менің балам еркектік мінез көрсете білді. Мақтан тұтамын оны.

Өрт салдарына қарап, Шыңғыстың батырлығына бас июге болады. Бала дер кезінде қимылдамағанда, оқиғаның соңы қайғылы болуы да ықтимал еді. Бүгінде қайсар баланың отбасына уақытша баспана берілді. Ал Шыңғыстың ерлігі - өзі оқып жүрген мектебінде басқа балаларға үлгі.

Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД маманы:

Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко батыр бала туралы біледі. Біз Шыңғысты марапаттау туралы хатты жолдап қойғанбыз. Жақын арада ерлігі еленетін болады.

Батыр бала Шыңғыс орын алған жағдайдан кейін жауапкершілік жүгі арта түскенін айтады. Үлгі боларлық іс жасаған соң сабақтада үлгілі оқушы болуға тырысамын, дейді. Ал құтқарушылар, қайсар балаға Шығыс Қазақстан облысының жас өрт сөндірушілер жасағы қатарына енуді ұсынуда.

Жұрағат БАМАН