$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Алматыда конькимен сырғанаудан Әлем чемпионаты өтуде

AstanaTV
19.12.2014ж. 13:00
1308
Алматыда конькимен сырғанаудан Әлем чемпионаты өтуде

Алматыда өтіп жатқан коньки тебу спорты бойынша студенттер арасындағы II-ші Әлем чемпионатының алғашқы жеңімпаздары марапатталды. Айта кетейік, біріншілікке 12 елден барлығы 77 спортшы қатысуда.

Қазақстанның намысын 23 спортшы қорғап жатыр. Ерлер сайысында сынға түсетін құрамада Федор Мезенцов, Максим Баклашкин және Дарсиль Эссамамбо бар. Жүлделі орыннан үміткер қыздарымыз да мұз айдынында бар өнерін ортаға салмақ. Алғашқы сайыстарда Польша мен Ресей елінің спортшылары үздік орындардан көрінді. Өкінішке орай, студенттер арасындағы чемпионаттан еліміздің азулы спортшылары тыс қалды.

Радик Бикчантаев, ҚР коньки тебу спорты бойынша Ұлттық федерацияның атқарушы директоры:

Ұлттық құрама қазір Әлем чемпионаты алдында өзінің оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Сондықтан, олар сайысқа қатыса алмады. Студенттік Әлем біріншілігіне қатысатын жас спортшыларымыз да биік тұғырдан көрінеді деген үміттемін.

«Медеу» спорт кешенінде коньки тебуден соңғы рет ірі халықаралық турнир 1988 жылы өткен. Төрт күнге созылатын турнир барысында 500, 1000 метрге сырғанаудан және 5, 10 мың метрлік қашықтықтарға коньки тебуден сайыстар өтеді. Командалық өкшелей қуалау мен масс-старт жарысы да жоспарланған. Ұйымдастырушылар, «бұл 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиаданың алдында еліміздің дайындығын тағы бір тексерудің мүмкіндігі» дейді.

Илья Оразақов, Алматы қаласы Халықаралық спорттық жобалары дирекциясының директоры:

2017 жылға дейін қалада Универсиаданың құрамына кіретін спорт түрлерінен 9 халықаралық жарыс өткізу жоспарланған. 2 жыл ішінде нысандарымыздың техникалық жағдайын толық тексеріп алуымыз қажет. Бұл жарыс - соның бастамасы.

Берік ХАСЕНОВ