$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Мәжіліс тұрғын үй қатынастары мәселелерін қамтыған құжат қабылдады

AstanaTV
24.12.2014ж. 13:00
1187
Мәжіліс тұрғын үй қатынастары мәселелерін қамтыған құжат қабылдады

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Еске салайық, бұған дейін сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа 15 түзету енгізіп, кері қайтарған еді.

Айта кетейік, құжат бойынша тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары енгізіледі, деп «Қазақпарат» хабарлады. Мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тобын анықтау мақсатында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді, делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, қабылданған заңда көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған. Енді құжат Мемлекет басшысына қол қою үшін жолданады.

Жұрағат БАМАН