$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Атырау облысында жаңа аурухана үшінші рет жөндеуге жабылмақ

AstanaTV
19.12.2014ж. 20:00
2223
Атырау облысында жаңа аурухана үшінші рет жөндеуге жабылмақ

Атырау облысында салынғанына көп уақыт бола қоймаған аурухана үшінші рет жөндеуге жабылмақ. Доссор елді мекенінде 2006 жылы республикалық бюджет қаржысына салынған медициналық мекеменің бүгінгі жағдайы адам шошырлық. Есіктері қирауға шақ қалған. Ал терезеден соққан суық желден аурухананың іші азынап тұр. Құрылыс кезінде кеткен кемшілікті жою мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды міндетіне алған мекемеден де қайыр болмады. Дәрігерлердің айтуынша, олар жұмысты жарты жолда тастап тайып тұрған. Енді аурухана қызметкерлері өз қалталарынан қаржы шығарып, ғимаратты жамауға мәжбүр. 

Екінші перзентін дүниеге әкелген Ақбота үйіне тезірек шығуға асық. Нәрестесіне суық тигізіп аламын ба деген қорқынышын жасырмайды. Мүлдем жағдайдың жоқтығы көзге ұрып тұр.

Ақбота Қамашева, жас ана:

Іші салқын, су жоқ, баланың көтенін қол жуғышқа жуамыз. Суымыз салқын.

Мұндағы науқастар күн шуағы молынан түсетін жақта орналасқан палаталарға ауысуды қалайды. Мекеме басшылығы олардың өздерімен бірге электр пештерін әкеп қолдануына рұқсат еткен.

Аманкелді Тұрғанов, емделуші:

Өткенде ана палатада жатқанбыз, мында көшірді ғой, ана жақ жел болғасын, салқын, ем алу қиындау.

Дәрігерлер болса, «біздің қолымызда тұрған ештеме жоқ» деп қол қусырып отыр. Босандыру залындағы температура кемінде 25 градус жылы болуы тиіс, ал мұндағы көрсеткіш 10 градустан аспайды.

Юлия Айтбаева, Доссор ауылдық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі:

10 градуста бала босандыра алмаймыз. Тепловая цепочка нарушать етеді деген сөз. Бала ауру болады. Мына жерге 2-3 пеш қосамыз. Одан көп қоссақ, администрация рұхсат етпейді. Себебі жанып кетеді. Осы аурухананың өзінде 3 жерде өрт болды.

Бұл - 13 мың тұрғыны бар Доссор елді мекеніндегі жалғыз медициналық мекеме. 30 орындық аурухана мен 70 адамды қабылдауға арналған емханасы бар ғимарат «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысына республикалық бюджеттен 332 млн теңге жұмсалды. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, пайдалануға берілгеннен-ақ еден сыз тартып, терезеден жел гулеген. Су құбыры мен кәріз жүйесінде де ақаулар пайда болған.

Юлия Айтбаева, Доссор ауылдық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі:

Сол бойда айттық - есіктері дұрыс емес, ручкалары сынып жатыр деп. Капитальный ремонт болғанда, түгел жасайды деді. Сосын больница кафель берді. Біз іштегі қыздар адам жалдап жасаттық өзіміз.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Пайдалануға берілген 8 жыл ішінде ауылдық аурухана 2 қайтара жөндеуден өтіп үлгерген. 2012 жылы қомақты қаржы бөлініп, ғимарат тұтастай кұрделі жөндеу жүргізілген. Өткен жылы  шатыр қайта жаңартылды. Ал аурухананың қазіргі сиқы тағы бір жөндеу жұмысын күтіп тұр.

Ғимарат келер жылы күрделі жөндеуге жабылмақ. Техникалық қорытынды жүргізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері  ғимараттың әу баста құрылыс нормасына сай салынбағанын айтып отыр.

Сүйеу Хайруллин, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

Төбесіне жылыту материалдары салынбаған. Ол күннен күнге сылақ түскен сайын, байқалуда. Жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. 2015 жылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар құрылысты жүргізген «Жаңа ғасыр» фирмасының бүгінде бар-жоғынан бейхабар. Күрделі жөндеуді аяқтамай тайып тұрған «АСД» компаниясының үстінен сотқа арыз жолданды. Ал «басы ауырып, балтыры сыздаған» доссорлықтардың әзірге пештің жылуымен амалдай тұрудан өзге шарасы жоқ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ