Павлодарда әлеуметтік нан бағасы 5
теңгеге қымбаттады. Бұған дейін дүкендерде 50
теңгеден саудаланған «Тау нан» бөлкесі енді 55 теңгеден сатылуда. «Павлодар нан
тоқаш комбинаты» өз өнімінің құнын бұдан бұрын да көтеруге әрекеттенген. Маусым
және тамыз айларында нан бағасы 10-15 теңгеге қымбаттап, тұрғындарды әбігерге
салды.
Алайда, жергілікті биліктің
араласуымен мәселе тұрақтанып, баға бұрынғы деңгейге түскен. Билік өкілдері
кәсіпорын мен әкімдік арасында жасалған бағаны көтермеу туралы меморандумды
негізге алды. Бірақ, енді мәселені ушықтыруға болмайды, - дейді ауылшаруашылығы
бөлімінің мамандары. Павлодар нан-тоқаш комбинаты 2012 жылдан бері өнім бағасын
қалыпты ұстап келді.
Алайда, сол уақыттан бері коммуналды
қызмет ақысы артқан. Кәсіпорын шығынмен жұмыс
істеді. Шаһарда нанға деген сұраныс тәулігіне шамамен 100 мың бөлкені құрайды.
Оның 30 мыңдайын аталмыш комбинат өтеп отыр.
Ермек Серікбаев, Павлодар қалалық ауылшаруашылығы
бөлімінің басшысы:
Қымбаттаудың бірнеше себебі бар - инфляция, электр қуатының қымбаттауы және
еңбекақының көтерілуі. Павлодар нан тоқаш комбинаты Керекудегі ірі нан
өндіретін кәсіпорын. Егер өнімін қымбаттатпаса, комбинат банкротқа ұшырауы мүмкін
еді. Сондықтан, арнайы комиссия бағаны 5 теңгеге көтеру туралы ұсынысты
мақұлдады.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ