$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасында он екі адам жарақат алды

AstanaTV
22.12.2014ж. 20:00
1454
Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасында он екі адам жарақат алды

Ақтөбе облысында рейстік екі автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып, он екі адам жарақат алды. Оқыс оқиға Хромтау ауданына қарасты Ақжар елді мекенінің тұсында орын болған.

Мына кадрларды куәгерлердің бірі түсіріпті. «Toyota Avensis» автокөлігі толығымен өртеніп кетсе, рейстік қос автобус та жолдан ұшып кеткен. Дегенмен болған жайтқа қатысты ІІД мамандары жұмған аузын ашар емес. Көмекке келген құтқарушылар 12 адамды ауруханаға жөнелтіпті. Олардың үшеуі облыс орталығына жеткізілген. Алайда жеңіл көліктің жүргізушісі көз жұмған.

Рақымжан Арыстанов, Ақтөбе облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Бір адам реанимация бөлімшесіне түсіп, 2 сағаттың ішінде қайтыс болды. Оның алған жарақаттары өте ауыр болғандықтан, дәрігерлердің істеген жұмысы пайдаға асқан жоқ.

Қазір облыстық ауруханада екі адам ғана ем алуда. Бірі нейрохирургия бөлімшесінде, екіншісі травматология бөлімшесінің дәрігерлерінің қарауында. Оксана Зайнулина - Хромтаудан облыс орталығына бет алған автобуста болған жолаушылардың бірі. Қатты соққыдан бірнеше сүйегі сынып, төсекке таңылды. «Тосын жайт қалай болғаны, есімде жоқ», - дейді.

Оксана Зайнулина:

Мен терезенің қасында отырдым. Соққы маған кеп тиді. Біз төңкерілген жоқпыз. Тек шыр айналып кеттік. Автобустың әйнектері сынды.

Мансұр ЕСҚОЖИН