$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Шымкентте екі қабатты тұрғын үйде болған жарылыс себебі мен салдарын арнайы комиссия анықтауда

AstanaTV
22.12.2014ж. 20:00
1175
Шымкентте екі қабатты тұрғын үйде болған жарылыс себебі мен салдарын арнайы комиссия анықтауда

Шымкентте екі қабатты тұрғын үйде болған жарылыс себебі мен салдарын арнайы комиссия анықтауда. Ақназар хан көшесіндегі 62-үйдің жарамдылығы туралы ұйғарым ертең қабылдануы мүмкін. Жергілікті билік, апаттан зардап шеккен 23 тұрғын жатын орын, уақытша баспанамен қамтамасыз етілгенін, мәлімдеді. Сегіз отбасының үшеуі туыстарына жайғасса, тағы бес отбасы жатақханаға жайғастырылыпты.

Газ жарылысынан кейін баспанасыз қалғандардың бірі - Руслан Валиев, ол қазір жатақхананың бір бөлмесіне жайғасыпты. Пәтері өрттен аман болғанмен, қауіпсіздік үшін осында паналауға мәжбүр.

Руслан Валиев, зардап шегуші:

Теледидар қарап жатқам. Кенеттен қатты дауыс шықты. Жер сілкінгендей болды. Жүгіріп барып есікті ашайын десем, ашылмайды. Бөлме іші шаң болып кетті. Қимылсыз тұрып қалдым. Кенеттен көршілер «үй жанып жатыр» деп айғайлағасын, сыртқа шықсам, өртеніп жатыр екен. Бәрі қас-қағым сәтте болды.

Еске салайық, апат сегіз пәтерлі баспанада сенбі, кешкісін болған. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, әуелі қатты жарылыс болып, арты өртке ұласқан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша, оқыс оқиғаға табиғи газ себеп болған. Жарылыс бірінші қабаттан шығыпты.

Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

Болған жарылыс табиғи газдың шығуына байланысты, газды ауа құрамының жарылысынан орын алып отыр, газ плитаны қосқан кезде. Ал ол газдың қай жақтан шыққаны бойынша қазір арнайы  құрылған комиссия анықтап, қорытынды шығаратын болады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тұрғызылған бұл үйдің қабырғалары түгелдей дерлік ағаштан өрілген. Көріп тұрғанымыздай, қос қабатты үйдің бір жақ бөлігі опырылып құлап тұр. Мұндағы екі пәтер түгелімен жанып кеткен. Осыған қарағанда,  бұл үйдің жөндеуге келуі екіталай.

Баспананың жөндеуге келер-келмесі ертең белгілі болмақ. Бүгін үшінші тәулік оқиға орнында арнайы мамандар шұғыл жұмыс атқаруда.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Бұл азаматтарды әрі қарай тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша  тапсырма берілген. Барлық шешімдер бір апта төңірегінде қабылданады. Заңдылығын қарап, сол қолданыстағы заңдылығына байланысты шешім қабылданады.

Айта кетейік, бұл шаһарда орын алып отырған биылдыққа екінші жағдай. Осыдан үш апта бұрын ғана жеке үйлердің бірінде газ жарылысы болды. Екі адам зардап шеккенін хабарлаған едік. Өкінішке орай, ауыр жарақат алып ауруханада жатқан отанасы бүгін жер қойнына тапсырылғаны белгілі болды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ