$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Риддерде вице-премьер Бердібек Сапарбаев оңтүстіктен қоныс аударғандарға кілт табыстады

AstanaTV
22.12.2014ж. 20:00
1554
Риддерде вице-премьер Бердібек Сапарбаев оңтүстіктен қоныс аударғандарға кілт табыстады

Бүгін Риддер қаласында Қызылорда, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан көшіп келген 22 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Шара республиканың оңтүстік өңірлері тұрғындарын шығыс және солтүстікке көшіру пилоттық бағдарламасы аясында жүргізілді. Айта кету керек, қоныс тойын тойлаушылар су жаңа баспаналы болумен қатар, толықтай жұмыспен қамтылды. Осылайша алдағы 2015 жыл бүгінгі қуаныш иелері үшін ерекшеленбек. Әріптестеріміз жаңа көшіп келген қауымды құттықтап, көрші Павлодар билігі қай облысқа басымдық беріп отырғанын біліп қайтты.

Риддердің жаңа шағын ауданында бой көтерген 60 пәтерлі көп қабатты үйді енді ғана шығыс қазақстандық атанатын қауымға арнайы салды. Пәтерлер сақадай сай тұр. Тек, мүлігіңді кіргізіп, тіршілік етсең игі.

Жамбылдың бұрынғы тұрғыны, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Олеся Грищенко қоныс аудару бағдарламасын естігенде, жұмыспен қамту орталығына бірден түйіндемесін жіберген. Жаңа жерге асыға жиналғанын айтады. Сондағы мақсаты - жаңа жылды, жаңа пәтерде қарсы алу болатын. Біраз уақыт қонақ үйде тұрған. Риддер қаласы бірден ұнағанын айтады. Адамдары ақжарқын, ал табиғаты көз тойдырады,- дейді ұстаз. Тіпті, қытымыр аяз бен қардың қалындығы да қорқытпаған. Енді бұл шаһарға Грищенко отбасы тұрақтап қалуға ниетті.

Олеся Грищенко, «Шығыс Қазақстанға көшіп барамыз» бағдарламасына қатысушы:

Біз өте қуаныштымыз, бақыттымыз. Әсіресе, балалар үшін мүмкіндік көп: үйірмелер мен жаңа мектеп. Бізді туғанындай қарсы алды. Мен 12 мектепке жұмыс істейтін болдым. Жолдасым күзет фирмасына орналасты.

Олесяның көршілері қызылордалық программист пен маңғыстаулық медбике. Жаңа баспаналарына олар «Достық үйі» деп ат қойып алыпты. Жуық арада қоныстанушылар саны арта түспек. Өйткені Риддер шаһарында әлі 700 бос жұмыс орны бар көрінеді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл бағдарлама тек Шығыс Қазақстанды емес, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанайды қамтымақ. 

Жергілікті билік өз тұрғындарын да ұмыт қалдырмады. Бағдарламаның келесі бағыты облыстың ішкі көші-қонын реттемек. Депрессиялық ауылдардың тұрғындары резюмесін жіберіп, жобаға қатысу мүмкіндігіне ие бола алады. Шығыс Қазақстан аймағында мұндай 300-ге жуық елді мекен бар.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: 

Бұл бағдарламаға облыс тұрғындары да қатыса алады. Яғни аймақтың ішкі көші-қон мәселесін де шешеміз.

«Көші-қон кезінде психологиялық ахуал да маңызды», - деп санайды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев. Барлық жағдайды көзімен көрген ол қоныс аударудың кішігірім күйзеліс екенін алға тартты. Әсіресе «жаңа жерде қалай қабылдайды?», «қандай ұжым кездеседі?» деген жайттар. Сондықтан барлық мәселені  жан-жақты ескерген жөн, деді.  

Арын Орсариев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары: 

Бұл ретте адамдар өзін қалай сезініп жатыр деген мәселеге ден қою керек деп санаймын. Біз біраз әңгімелестік. Әрине, ауыр, жеңіл емес. Сондықтан, біздіңше, алдымен жастарды тарту керек. Олардың психикасы мейлінше бейімді ғой.

Өтініштері қабылданған әр отбасының жолақысын мемлекет өзі көтереді. Және қоныс аударушылар тірлік етуге жағдайы жасалған жерге көшеді. Баспанамен қатар, жұмыспен де қамтылады. Жеке құрылысқа 250 жер телімі бөлінген. Ал, ауыл шаруашылығымен айналысушыларға 100 мың гектар жер қарастырылды. Сондықтан, «Шығыс Қазақстанға көшіп барамыз» бағдарламасының алғашқы кезеңі ойдағыдай басталды. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан сұранысқа ие. Сондықтан әкім-қаралар бірден іске кірісуді көздеп отыр. Өйткені білікті мамандар әр өңірге қажет екенін еске салды. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ