Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

БҚО-ндағы электр желілердің мұздауынан кейінгі ахуал

AstanaTV
23.12.2014ж. 13:00
1169
БҚО-ндағы электр желілердің мұздауынан кейінгі ахуал

Электр сымдарының бойына қатқан мұздың кесірінен Батыс Қазақстан облысының кейбір ауылдары Жаңа жыл мерекесін жарықсыз қарсы алуы мүмкін. Өйткені синоптиктер, ауа райының әлі де құбылатынын айтып отыр.

Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компанияның дерегінше, кешеден бері өңірдегі бір елді мекен желіге қосылған. Бірақ 29 ауылдың 17 мың тұрғыны әлі жарықсыз отыр. Жарықтың жоқтығынан мектептерде бірінші ауысымда сабақ тоқтаған. Бұл аздай, желідегі мұздың салмағын көтере алмаған 500 электр бағаны құлап, істен шыққан. Ал бүлінген желілердің қашан толықтай қалпына келтірілетіні әлі белгісіз.

Қуат Мусин, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директоры:

Синоптиктердің болжамы бойынша, 24-нен бастап тағы аяз соғады, содан кейін жаңбыр жауады дегеннен кейін біз күтудеміз, солтүстік аудандарда осындай тағы екінші этап болуы мүмкін деп. Бірақ оған да алдын ала керекті шараларымызды жоспарлап, істеуге кірістік. Егер мына осадкалар біткеннен кейін аяз болса, онда қолайлы. Егер жаңбыр жауып тұрып, үстінен аяз ұрғанда, онда қиын болады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 19-желтоқсаннан бері, Батыс Қазақстан облысында жаңбырдың кесірінен электр сымдарына мұз қатып, 30 мыңнан астам отбасы жарықсыз қалған еді. Бір күннен кейін Батыс Қазақстан облысы аумағында тіпті төтенше жағдай да жарияланды. Мамандар бұл жағдайдың осымен үшінші жыл қатарынан қайталанып келе жатқанын айтып, көңіл жұбатқанымен, Ресейден келе жатқан циклонның әсерінен күн тағы жылынуы мүмкін. Ауа райы жылынса, жарықсыз отырған ауылдарға көмек қолын созу қиындайтыны белгілі.

Еркін ҚАРИН