Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мәскеудегі ЕАЭО жоғарғы кеңесі саммиті өтті

AstanaTV
23.12.2014ж. 20:00
1101
Мәскеудегі ЕАЭО жоғарғы кеңесі саммиті өтті

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық одағының жоғарғы кеңесі отырысының қорытындысы бойынша, ұйымға мүше мемлекет басшылары бір ымыраға келді. Бұл туралы экономикалық одаққа мүше елдер басшыларының баспасөз мәслихатында айтылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан толыққанды жұмысын бастайтын ұйымның қатарында енді 4 ел. Кеңес отырысында үштікке Арменияны ресми түрде қосу жөнінде шешім қабылданды. Осылайша, келер жылдан экономикалық бірыңғай кеңістікке мүше елдерге 170 миллион тұтынушысы бар ортақ нарық ашылады. Армения одақ жұмысы ресми басталысымен, яғни 2 қаңтардан бастап іс жүзінде мүше саналады.

Бүгінгі кеңес отырысының тағы бір нәтижесі - одаққа Қырғызстанның бірігуі туралы келісімге қол қою. Еске салсақ, бұған дейін ақпарат беттерінде қырғыз үкіметінің одаққа кіруі жөнінде келіспеушіліктер болған-ды. Алайда Мәскеудегі мәжіліс кезінде аталмыш мәселелер оң шешімін тапты. Сондай-ақ жиында одаққа төрағалық мәселесі шешілді. Бұл сұрақта қатысушылар тартысқа бармай, ел атауларының алфавиті бойынша орналасу тәртібіне жүгінбек. Осылайша, одақтың алғашқы төрағасы болып Беларусь тағайындалды.

Экономикалық одақ кеңесінің күн тәртібінде бірқатар халықаралық ұйымдар мен жекелеген мемлекеттермен қызметтесу жайы да сөз етілді. Жиын барысында одақтас елдердің басшылары бестік пост кеңестік өңір дамуының мықты орталығы болады деген сенім білдірді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ