$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Тасқынның кесірінен 400-дей адам үйлеріне жете алмай қалды

AstanaTV
17.04.2015ж. 13:00
1479
Тасқынның кесірінен 400-дей адам үйлеріне жете алмай қалды

Қарағанды вокзалында ауылдарына жете алмаған жолаушылар дүрбелең туғызды. Олар Қарқаралы ауданына баратын пойызға сыймай қалған. Өңірдегі автожолдар жабылғандықтан, жұрт баспаналарына алаңдап, отарбамен жетуге әрекеттенген. Алайда барлығына бірдей билет жетпей қалған.

Мына кадрларды жолаушылар өздері түсіріпті. Халық пойызға күшпен мінуге әрекеттенуде. Олар Қарағанды теміржол вокзалында осылай сандалып жүргеніне екі-үш күн болғанын айтады. Көбісі Қарқаралы ауданының Қарағайлы, Ынталы, Егіндібұлақ елді мекендеріне жете алмай отыр. Қарқаралы тас жолын су шайып кеткені мәлім. Осыны ұтымды пайдаланған такси жүргізушілері айналма жолдар арқылы апару құнын 30 мың теңгеге дейін көтерген. Әдетте облыс орталығынан ауылға дейінгі аралық ақысы 2-3 мың теңгеден аспайды,-дейді ашынған жұрт.

Алайда тұрғындарда ақша тұрмақ, ауылға дейін жақындататын қазіргі жалғыз транспорт - пойызға билет алатын құжаттары да жоқ көрінеді. Бүгінгі айқай-шудан кейін «Жолаушы тасымалы» Акционерлік қоғамы Қарқаралы бағытына баратын пойызға қосымша вагондар жалғайтындарын хабарлап, сабырға шақырды. Сондай-ақ, билет жолаушыларға құжатсыз да сатылмақ.

Бекзат Қайырбеков, Ынталы ауылының тұрғыны:

Ынталы ауылынан ары қарай жол жоқ. Пойыздарға билет жоқ. Кеше келдік, бүгін таңертең келдік. Кете алмай, енді ғана билет алып тұрмыз. Бәрі сол тасқынның кесірінен, жолдарды шайып кеткен.

Қайрат Майдин- «Жолаушы тасымалы» АҚ Қарағанды аймақтық филиалының бастығы:

Қазір, бүгін 2 вагон, 2.18-де тағы 2, ертең 3 вагон қосамыз. Қарағайлыға көбінесе қосымша вагон жіберіп жатырмыз. Қарқаралы, Егіндібұлаққа жол жоқ. Кассирлерге билетті еш документсіз беріңдер деп тапсырма бердік.

Айжан ҚУАШ