$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Жаңа жылды безендіруге Қарағандыда 200 млн жұмсалды

AstanaTV
24.12.2014ж. 13:00
1568
Жаңа жылды безендіруге Қарағандыда 200 млн жұмсалды

Қарағанды билігі мерекелік безендіруге биыл 200 миллион теңге қаражат бөлген. Қала басшылығы халықтың көңілін аулау үшін мерекеге аянбай шығындалыпты. Әкімдік бөлінген қаражатқа қатысты ресми ақпарат беруден бас тартты. Ауызша айтуларына қарағанда, көлемді қаражат желтоқсан айындағы жалпы мейрамдарға бөлінген.

Ол қаржыға 100 жаңа жылдық шырша тігілген. Қаланың бас шыршасының биіктігі - 25 метр. Қалғандары 6-дан 20 метрге дейін жетеді. Ал Аяз Аталар мен Ақша Қарлар, аққалалар, ақ күймелер, сондай-ақ жануарлардың мүсіндері мен өзге де жарықтандыру құрылғылары түнде жарқырап жанып тұрады. Алаңдар мен көшелерде 2000-нан астам жарық диодты элементтер, шағын сәулетті құрылымдар орнатылған. Ең көріктілері, әрине қала орталығынан орын теуіп, ерекше көрік беріп тұр.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, 200 миллион теңге тек жаңа жылдың дайындығына ғана емес, сонымен бірге Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекелеріне орай қаланы безендіруге де жұмсалған. Қала басшылығы бұл Қарағанды тұрғындары мен қонақтары үшін биылғы жылдың ең үлкен сыйы деп мәлімдеді.

Юлия Плужникова, Қарағанды қаласының бас суретшісі:

Қаламыз биыл молынан безендірілді. Азаматтардың дағдарыс кезінде көңілдерін көтеріп, тапшылықты сезбеуі үшін көшелерді ерекше сәндедік. Ересектер де, балалар да суретке түсіп, бір қуанып қалары сөзсіз. Биыл біздің қаламыз нағыз ертегілер әлеміндегідей көрікті.

Айжан КУАШ