Шымкентте жарылыстан төрттен
бір бөлігі жапырылып қалған көп қабатты баспана бұзыла бастады. Ал оның орны
кімге бұйырады? Қыс ортасында қиындыққа тап болған отбасылардың бүгінгі жағдайы
қалай? Айзада Төребекқызы тарқатады.
Сегіз жасар Камилаға бүгін
ұстаздары кітап, дәптерлерін түгендеп берді. Мектеп ұжымының жәрдемі - бұл.
Сенбі күнгі жарылыстан оның оқулықтары сөмкесімен бірге жанып кеткен болатын.
Тіпті мектептен шалғай қоныстанғандықтан, ұстаздары 2 сыныпта оқитын Камила мен
оның інісін үйге келіп оқытып жүр.
Ал мынау «Қызыл ай» қоғамының
көмегі. Қиындыққа тап болған жандардың
керек-жарағын сұрап білген белсенді топ бүгін жылы киімдер мен жатын
орынға керекті заттарды қоса әкеліпті.
Ұсақ-түйек қажеттіліктер де бар арасында. «Дені төтенше жағдай қызметінің
қорындағы дүниелер», - дейді қызылайлықтар. Жатақханада тұрақтаған төрт
отбасының ішінде әсіресе үш баланың анасы Елена Жируеваға қиын соғып еді.
Екінші қабаттағы оның пәтерінде іліп алар сау дүние қалмаған.
Елена Жируева, зардап шегуші:
Біздің барлық дүниеміз жанып
кетті. Жылы киім деген атымен қалмаған. Қазір міне киім-кешек беріп жатыр.
Әсіресе балаларым үстіндегі бір-бір киіммен ғана қалып еді. Бұл үлкен қолдау
біз үшін. Жатын орын, ыстық су -бәрін шешіп берді. Алғыстан басқа айтарым жоқ.
Малика Жүсіпова, «Қызыл ай»
қоғамы оңтүстік филиалының директоры:
Негізі семьяға не керекті сол
заттар бұйымдардың барлығын алып келдік. Осы таңда ол бірінші көмек емес. Соңғы
да көмек емес. Осы бір айдың
көлемінде осы жанұялармен біз жұмыс жасаймыз.
Керекті бұйымның бәрін беруге тырысамыз.
Еске салайық, әуелі газ
жарылып, арты өртке ұласқан оқыс жағдай өткен сенбіде Ақназархан көшесіндегі
62-үйде болды. Нақты себеп табиғи газдан екенін мамандар жоққа шығармайды.
Тұрғындар бұл үйде көгілдір отынның күлімсі иісі біраздан сезіліп жүргенін
айтады.
Олеся Мұстафина, зардап шегуші:
Соңғы екі жылдай газдың иісі
шығып жүрді десем, өтірік айтпаймын. Көбіне подъезде шығатын. Тиісті мекемеге
хабарласып, шақырдық та. Бір мәрте келді. Қорқатын дәнеңе жоқ деп кеткен.
Кейіннен бірі біріне сілтейтін болды.
Қалай десек те, апатқа нақты
себеп болған жәйт анықталып жатыр. Бүгін сондай-ақ, тұруға жарамайды деп
қорытынды шығарылған екі қабатты баспананы бұзу жұмыстары басталды. Қауіпсіздік
үшін жол қозғалысы тоқтатылып, коммуналдық қызметтер ажыратылды.
Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы
әкімінің орынбасары:
Бүгінгі өткен қалалық
мәслихаттың сессиясының шешімі бойынша қала әкімдігінің резервтік қорынан ақша қарастырылды. Шешім
әділет органдарынан регистрациядан шыққаннан кейін заң жобасына сәйкес конкурс
жарияланады. Және де сегіз пәтер алу мәселесі көтеріледі, 1-тоқсан келесі 2015
жылы.
Айта кетейік, бұзылып жатқан
бұл баспананың орны бос қалмайды. Шымкентте дәл осындай тағы үш үй апатты
болғандықтан, сүріліп тасталған. Олардың орнындарына енді жаңадан көпқабатты
үй тұрғызылады деп күтілуде. «Ал баспанасыз қалған сегіз отбасыға нарықтағы
тұрғын үйлерден бұрынғы шаңырағына
пара-пар пәтерлер сатып әперіледі», - деді қала әкімдігі.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ