$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Мүфтиат жылды қорытындылады

AstanaTV
24.12.2014ж. 20:00
1669
Мүфтиат жылды қорытындылады

Сирияға аттанып «Ислам мемлекеті» туының астында қарулы қақтығыстарға қатысып жатқан қазақтарды еліміздің Дін істері комитеті елге қайтаруға қауқарсыз. Біздің арнамыз осыдан екі ай бұрын Сириядан баласын іздеп тауып, ауылына қайтара алмай шарасыз қайтқан ана Құралай Нұрмағамбетова жайында материал берген. Оның қиырға «жиһад» іздеп барған ұлы сотталу жазасынан қашып, елге оралудан бас тартқан. Бүгін Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин біздің арнамызға «бұл мәселе жөнінде хабардармыз, бірақ заң шеңберінен асып ештеңе істей айлмаймыз» деген жауап қатты.

Ғалым Шойкин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы:

Енді олардың шешімі сондай болса, біз оны қалай ауыстырамыз. Оған, әрине, бармау қажет, оның алдын алуға, ал бірақ кеткендерге мемлекет тарапынан заңға сәйкес қана жұмыс істеуіміз қажет.

Есесіне комитет елімізде қалған жастармен жұмыс жасауға әзір. Ол үшін Сириядағы қақтығыс пен жалпы «жиһад» ұғымын түсіндіретін 50 бірдей деректі фильмге тапсырыс беріліп, театрландырылған көріністер де әзірленіп жатқан көрінеді. Алайда бұл дүниелердің қалың көрерменге қашан жол тартатыны тағы белгісіз. Халықты жаппай діни сауаттандыру жұмыстарын еліміздің Мұсылмандар діни басқармасы да жүргізуде. Бас мүфтий Ержан Маямеровтің айтуынша, ақпараттық-насихаттық жұмыстардың арқасында түрлі жат ағымдардың жетегінде кеткен 500-ден астам адамның беті бері қарапты.

Ержан Қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфтий:

Жұмыстың нәтижесінде жат ағымда жүрген 540 бауырымыз қайтты, нақты есеп бойынша. Және осы жылы ғұламалар кеңесі құрылған, ол үшін Қазақстандағы теолог діни мамандар тартылды, осының нәтижесінде биыл 32 пәтуә шығарылды - қоғамда ең актуальді маңызды деген 32 пәтуә.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ