$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Үкімет пен Ұлттық банк экономикада ұлттық валютаның ролін арттыру үшін бірқатар шаралар қолданбақ

AstanaTV
25.12.2014ж. 10:00
1698
Үкімет пен Ұлттық банк экономикада ұлттық валютаның ролін арттыру үшін бірқатар шаралар қолданбақ

Елімізде тауарлар мен қызметтер үшін бағаны шартты бірлікте белгілеуге тыйым салынбақ. Тұрғындардың теңге түріндегі жинақ ақшаларын ынталандыру мақсатында салымшыларға депозиттердің кепілдік етілетін сомасы 5 млн-нан 10 млн теңгеге дейін арттырылып отыр. Және кепілдік етілетін доллар түріндегі депозиттер бойынша сыйақының максималды жылдық мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға дейін азайту ұсынылған. Бұл ұлттық валютаны нығайту үшін қосымша шаралар ретінде қабылданды. Мұндай қадам ұлттық теңгенің ролін арттыруға бағытталып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары жөніндегі бірлескен Мәлімдемесін жасады. Бұл жөнінде Премьер-министрдің ресми сайты хабар таратуда. Аталған мәлімдемеде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қаржы жүйесін нығайту және банк секторын сауықтыру жайы да қамтылған. Үкімет пен Ұлттық банктің бұл мәлімдемесі елдегі экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.

Сондай-ақ, осы Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесінде девальвация ықтималдығын болдырмау шаралары туралы да айтылған, яғни ұлттық валюта - теңгенің айырбас бағамының күрт ауытқуына жол берілмейтіні айтылады. «Валюталық нарықта алып-сатарлықты шектеу шаралары енгізіледі. 2015 жылы Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп, қолма-қол шетелдік валюта нарығында айырбастау пункттеріне қатысты талаптарды күшейту жөнінде заңға ұсыныс енгізбек», - делінген осы мәлімдемеде.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА