$520.27 €537.65 ₽5.24
×

Астанада индустрияландыру бағдарламасының 2014 жылғы қорытыныдысы мен бес жылдықтың түйіні жасалды

AstanaTV
25.12.2014ж. 20:00
1319
Астанада индустрияландыру бағдарламасының 2014 жылғы қорытыныдысы мен бес жылдықтың түйіні жасалды

Индустрияландыру бағдарламасының 2014 жылғы қорытыныдысы мен жалпы бес жылдықтың түйіні бүгін елорданың Тәуелсіздік сарайында жасалды. Әрбір жарты жыл сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін телекөпір - отандық өнеркәсіптің айтулы іс-шарасы. Іске қосылған тың жобалар мен үздіктер анықталған жиында тілшіміз Азамат Алдоңғаров болып қайтты.

Дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір жылдағыдай жаңа есімдер мен жаңа компанияларды, жаңа өнімдерді танытты. Әдетте шара соңында өндіріс өкілдерін марапаттау рәсімі биыл ертерек өтіп, жиынның тұздығы - өңірлермен байланыс соңына қалдырылды. Индустрия мейрамына үкімет үйі мен бизнес элита ақ таңнан төрт көзі түгел жиылып, Мемлекет басшысын күтті. Шараның шымылдығын «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» премияларын үлестіру рәсімі ашты.

Бүгінгі өңірлермен байланыста тың 15 жобаға жан бітті. Ал бұған дейін тұсауы кесілген 16 кәсіпорынның басшылығы онлайн режимде Мемлекет басшысына кәсіптің жай-күйі жайында есеп берді. Ең алғашқы болып Елбасы қолдауын тапқан 15 жобаның бірі - Шығыс Қазақстан облысындағы титан құймалары мен балқымалары өндірісінің зауыты. Өскеменде ашылған кәсіпорын 80 жаңа жұмыс орнын ашып, жылына 6 мың тонна титан шығаруға қауқарлы. Өскемендік кәсіпорын титанға деген ішкі сұраныстың 60 пайызын қамтамасыз ете алады. Толық қуатына 2016 жылы шығуды жоспарлап отыр. Жалпы бүгін ашылған көп өндірістің дені келер жылдан ашылар 170 миллиондық тұтынушысы бар бірыңғай экономикалық кеңістікке өз өнімдерімен шығаруды көздейді.

Елбасы үлкен үміт артқан кезекті жоба - «Қорғас - Шығыс қақпасы» құрғақ порты. Алматы облысында орын тепкен порт - еліміз бен көрші Қытайдың біріккен жобасы. Өнеркәсіптің басты мақсаты - жаңа экономикалық даму стратегиясында көзделген Қазақстаннан ірі логистикалық орталық жасау жобасында еліміз арқылы өтетін тауарларды сақтауға арналады.

Ел үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі - Жамбыл облысында іске асты. Ол ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты мақсаты - елдің жасыл экономика саясатын іске асырудың мардымды қадамдарының бірі. 21 мегаваттық жел станциясы толық қуаттылық мүмкіндігіне шыққан күнде оңтүстік өңірдегі электр тапшылығын шешуді көздейді. Бүгін тың жобаның 9 мегаваттық бірінші кезеңі іске қосылды. 

Отандық жеңіл өнеркәсіптің де жаңалығы бар. Матаның басым бөлігін импорттайтын Қазақстан үшін кезекті жоба жеңіл өнеркәсіпке тың серпін беруі тиіс. Алматы облысында мата зауыты мен бельгиялық технологиямен кілем тоқитын өнеркәсіпті іске қосуға рұқсат берілді.

Бизнес пен биліктің арасын жалғаған телекөпір өнеркәсіптің бар саласын дерлік қамтыды. Тікелей байланысқа шыққан 15 кәсіпті есептегенде, биылғы жылы индустрияландыру картасы бойынша 150 жоба жұмысын бастады. Жиынды түйіндеген Мемлекет басшысы, шикізат экспорттаушы экономикадан  индустриалды экономикаға көшу - ұлы мұрат екендігін, тағы бір еске салды. Және бұл қадамның жеңіл болмайтындығын да ескертті.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдығында 75 мың жұмыс орнын берген 770 жоба іске қосылған. Бұл жобалар 4 триллион теңгеге тауар өндіріпті. Экспорт көлемі 628 миллиард теңгені құрады. Ал келер бес жылдықтың мүмкіндіктері мен қаржыландырылуы жоспарлы түрде орындалған алғашқы индустриялық бағдарламадан 2 есеге артық, шамамен 6 триллион теңге деп жоспарлануда. Демек, келесі бес жылдыққа Үкімет пен халықтың артар үміті мен күтері екі есе артық деген сөз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ