$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Батыс Қазақстан облысында 15 ауыл әлі жарықсыз отыр

AstanaTV
26.12.2014ж. 13:00
1043
Батыс Қазақстан облысында 15 ауыл әлі жарықсыз отыр

Электр желілеріне қатқан мұздақтың кесірінен Батыс Қазақстан облысындағы 15 ауыл әлі жарықсыз отыр. Дегенмен, жыл аяғына дейін бұл елді мекендерге жарық берілер-берілмесі белгісіз.

Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясының өкілдері қараңғыда қалған ауылдарға жарық беру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қазір бұл аймақта жөндеу бригадалары электр желісін мұздан тазартып, сынған электр бағандарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Сырым Тәжіғалиев, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ қауіпсіздік және сенімділік қызметінің басшысы:

Кеше 4 ауылды қостық, бүгін тағы бірнешеуін қосамыз. Үзілген желілерді қалпына келтіріп, қайта жалғап жатырмыз.

Дегенмен, облыстың Сырым, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау мен Ақжайық секілді бес ауданында әлі жарық жоқ. Ал істен шыққан 900-ден астам электр бағандарының 200-і қайта қалпына келтірілген.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 19 желтоқсаннан бері, Батыс Қазақстан облысында жаңбырдың кесірінен электр сымдарына мұз қатып, 30 мыңнан астам отбасы жарықсыз қалған еді. Бір күннен кейін Батыс Қазақстан облысы аумағында төтенше жағдай жарияланды. Мамандар бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтып, көңіл жұбатқанымен, батыс қазақстандықтардың Жаңа жыл түнін тағы да жарықсыз қарсы алуы мүмкін.

Еркін ҚАРИН