Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылжарда аурухана маңындағы үйлер сүрілмейтін болды

AstanaTV
26.12.2014ж. 20:00
1169
Қызылжарда аурухана маңындағы үйлер сүрілмейтін болды

Қызылжарда аурухана маңындағы үйлер сүрілмейтін болды. Биыл ақпан айында тұрғындар редакциямыздан көмек сұраған еді. Жергілікті билік, №2 қалалық ауруханаға жақын аумақтағы жеке үйлер жаппай бұзылады деген, хабарлама таратқан. Күтпеген жаңалыққа наразы болған жандар талай табалдырықты тоздырып, өз құқықтарын қорғап шықты. Жыл бойына созылған оқиғаның мән-жайын аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин тарқатады.

Бұл - тұрғындардың  ақпандағы наразылық акциясы. Әкімдіктің қызметкерлері таратқан ескерту қағаздарын көрген олар амалсыз осындай қадамға барды. Мәжиевтер әулетіне бұл жер телімі ата-бабасынан мұра ретінде қалған. Жылдар бойы қаржы жинап, 2012 жылы үлкен үй салған еді. Құрылысты аяқтау үшін несие де алды.

Жұмабике Мәжиева:

Құжаттың бәрі бізде бар. Заңды түрде бәрін істедік біз. Енді біздің үйімізді алайын деп жатыр. Үй үлкен. Оның орнына бізге не береді енді? Бізде мұнда 4 үй иесі бар. Әрбірімізге пәтер бере ме, әлде бәрімізге бір пәтер бере ме? Біз турасын білмейміз әлі.

Қалалық әкімдік  2016 жылғы шекаралас облыстардың форумын ойын-сауық кешенінде өткізуді ұйғарып, сол маңдағы 77 үйді сырып тастамақ болған. Ал тұрғындар бұған қарсы. «Себебі шенеуніктердің бұл жобасы 2007 жылы бекітілген қаланың бас жоспарына сәйкес келмейді», - дейді олар. Ақыры іске прокуратура араласты. Қарсылық білдіргендердің қарасы қалың болғасын, әкімдіктегілер жаңа амал ойлап тапқан.

Арсен Қожанов, Петропавл қаласының әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

«Достық үйін» Жұмабаев көшесіндегі салынып бітпеген ғимаратқа көшіруді көздеп отырмыз. Ал «Метро» ойын-сауық кешені күрделі жөндеуден өткесін, «жастар үйіне» айналады. Қасындағы жер үйлер сол қалпы қалады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Билік тарапы 2016 жылы өтетін алқалы жиынды енді мына ғимаратта өткізуді жоспарлап отыр. Қазір оны жеке кәсіпкерден сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа жоба қаржы жағынан алғанда да өте тиімді. Себебі ақша тек ғимаратты қалпына келтіруге ғана қажет. Ал маңайын абаттандырып керек емес. Өйткені бұл нысан қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, айналасы былай да менмұндалап тұр.

Жаңа жоспарды естіген баспана иелерінің төбесі көкке жеткендей болды. Кейбірі құрылысты қайта жандандыруды көздеп отыр. Геннадий Печевский құрылысқа жұмсаған қомақты қаржысы мен еңбегінің зая кетпейтінін естігенде, журналистерге алғыс жаудырды.

Геннадий Печевский:

Мен мына үйді оңайлықпен бермес едім. Бәріміз жұмыла жұмыс істегеннің арқасында, үйіміз аман қалды. Бұл бағытта БАҚ өкілдерінің еңбектері аз емес. Рахмет сіздерге!

Енді тұрғындар келе жатқан қой жылын уайым-қайғысыз қарсы алмақ. Себебі жылдар бойы тұрғызған баспаналарына енді ешкім көз тігіп отырған жоқ.

Абзал ҚҰРМАНКИН