×

Қостанай облысында 32 мың гектар алқаптың астығы орылмай, қар астында қалды

AstanaTV
29.12.2014ж. 20:00
1386
Қостанай облысында 32 мың гектар алқаптың астығы орылмай, қар астында қалды

Қостанай облысында 32 мың гектар алқаптың астығы орылмай, қар астында қалды. Толассыз жауған күзгі нөсер көптеген шаруаның қолын байлап, тіпті кейбіреуі астық тұқымын қамбасына құя алмады. Қиындыққа қарамастан, аймақ диқандары 4 миллион 518 мың тонна өнім алды. Енді олар көктем шыға, астықтың қалғанын жинаудан үмітті.

Жаңбырлы жаз аймақ диқандарын әбден әбігерге салды. Толассыз жауған нөсердің салдарынан енді ғана көктей бастаған  егін алқабы септериоз індетіне шалдықты. Жоғары ылғалдылық пен күн райының күрт салқындауы бидай  шығымына кері әсерін тигізіп, тек Қостанай облысында 175 мың гектар алқап сарғайып, өсімдік дертін жұқтырды.

Дархан Әбдікәрімов, Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:

Ылғалдылық жоғары болған жылдары өсімдік аурулары кездесіп тұратын жағдай. Ауруларға қарсы шаралар өткізу үшін 350 мың гектарға дәрі-дәрмек бөлінді. Қазіргі таңда 45 мың гектарға өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жаңбыр басылса, жұмысты жалғастырамыз. Астық шығымына ешқандай қауіп жоқ деп сендіре аламын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, биыл астық алқаптарының 76 пайызы химиялық өңдеуден өтуі тиіс. Тіпті, бұл мақсатқа ел қазынасынан 2,7 млрд теңге бөлінген. Алайда, апталап, айлап жауған жаңбыр егіс алқаптарындағы химиялық өңдеу жұмыстарына да кері әсер етті.

Сергей Тутуков, әуе компаниясы штабының басшысы:

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшу мүмкін емес. Нөсерлетіп жауған жаңбырдың кесірінен ұшу жолақтары уақытша нашарлап, ұшақтар 2 аптаға тұралап қалды.

Күздегі күн райының күрт өзгеруі қостанайлық диқандарды тағы қолайсыз жағдайда қалдырды. Соның салдарынан жиын-терім науқаны тым кешеуілдеп кетті. Көнекөз диқандар соңғы отыз жылда дәл осындай қиындықты көрмегенін айтады. Ауыртпашылыққа қарамастан, аймақ шаруалары ылғалдылығы жоғары өнімді жинап және кептіруге қыруар ақша жұмсады.

Сайран Бұқанов,  шаруа:

Енді шығын көп болады. Оны кептіру  керек. Бізде екі кептіргіш бар. Алқаптағы бір тонна бидайды жинап қамбаға әкелу үшін, 10-12 литр жанармай керек. Ал бір тонна бидайды кептіріп, 25 пайыз ылғалдылықты 14 пайызға дейін түсіру үшін, 17 литр кетеді тоннасына.

Науқан тұсында қиындыққа тап болған диқандар шұғыл шара қолдану үшін  агрожиналыс өткізіп, бірнеше мәселені көтерді. Олар «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы несиені қайтару мерзімін кейінге қалдырсын дегенді айтты. Сонымен  қатар,  сапасы нашар  бидайды сатуға билік тарапынан көмек керектігін жеткізді. Облыс әкімі қиын-қыстау сәтте қолдау көрсетіп, қол ұшын беруге дайын болып шықты. Ал, дымқыл астықты кептіруге үкіметтен қосымша 15 мың тонна жанар-жағармай  бөлінгендігін айтты.

Нұралы Сәдуақасов,  Қостанай облысының әкімі  /23.10.2014 ж./:

Элеваторда 1 миллион 300 мың тонна бидай бар. Соның бәрі 3-сортпен өтіп жатыр. Бірақ енді бұдан былайғы өнім 4-5 класстың бидайы болады. Оның да бағасы 40 мыңға жақындайды. Бұл жаман  баға емес. Мелькомбинаттарға сатуға болады. Сонымен қатар продкорпорацияға осы сұрақпен шыққалы отырмыз. Қалай оның бағасын көтеру керек деп.

«Жығылғанға - жұдырық» демекші. Күн райының қолайсыздығы қостанайлық диқандарды тығырыққа тіреді. Тіпті кейбіреуі келесі егіс науқанына қажетті бидай тұқымын жинай алмаған. Нақтысы, 150-ге жуық шаруа тұқым тапшылығына тап болды. Оларға 100 мың тоннадан астам астық дақылы қажет. Осы тұста «Азық-түлік корпорациясы» мен облыстық ауыл шаруашылық басқармасы көмек қолын созды. Басқарма мамандары тұқым тапшылығын тартқан шаруалар тізімін шығарып, оны корпорацияға жолдайды. Ал корпорация сол тізім бойынша диқандарға тұқым сатып алуға қаражат бөлетін болды.

Орынбай  Шөжебаев, Қостанай облысы ауыл шаруашылық басқармасының бөлім жетекшісі:

Бұл схеманың пайдалы жағы қазіргі біздің жаңағы ұжымдардың жағдайлары жоқ тұқым алатын. Енді өнім алмаған соң, жағдайлары нашар болып тұр, шындығын айтқанды. Енді соларға көмек көрсету үшін, үкімет бойынша продкорпорация арқылы шаралар қолға алынуда. Олар тұқым сатушы шаруалармен барып келісімшарт жасайды. Соны корпорацияға әкеледі. Ал корпорация ақша бөледі.

Биылғы жыл қанша қиын болғанымен, аймақ диқандары 4 миллион 518 мың тонна астық жинады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, 1,7 пайызға  кем. Ал орташа өнімділік  гектарынан 11,3 центнерді құрады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қостанайлық шаруалар майлы-дақыл өнімдерін де түгел жинап үлгермеді. Енді көктем келісімен диқандар соқасын қайтадан сайлап, қар астында қалған  егінді оруға кіріскелі отыр.

Заңғар САНАЙ