$488.91 €532.62 ₽5
×

Тұрғын үй нарығындағы ахуал

AstanaTV
23.01.2016ж. 20:00
2355
 Тұрғын үй нарығындағы ахуал

Теңге бағамының құлдилауы, кірістің азайып кетуі, ипотекалық бағдарламалардың тоқтауына байланысты адамдарда -тұрғын-үй бағасы түсер  ме екен? –деген ой жылт етті. Елдің көбінде салық еткізіп бере салатын ақша ешқашан болған емес, ал  несие алатын банктер ұзақ уақытқа рәсімдейтін «ұзын ақшаның» тапшылығын айтып, ипотекалық қарыз беруін қысқартып жатыр. Ал «сатып алушылар азайса, баға да айтарлықтай түседі»- деген болжам біздегі дәстүрге сай, орындалмайтын сияқты. Инвестициялық инструмент нарығының мешеу және баспанасыздардың көп екенін ескерсек, тұрғын-үй нарығы кем дегенде алдағы 5 жылда сұранысқа ие болып қала береді- дейді, кей сарапшы.

Негізі бағаның өсу динамикасында «қызық»,  мүмкін қызық та емес – түсінікті динамика: доллар бойынша төмендеу, теңге бойынша өсу байқалады. Теңгенің америка валютасына шаққандағы бағамына қарасақ, «комментарийсіз» көрініс. Долларсыздану?..  Азамат Алдоңғаров «қомағай» нарықтың парқын талдап көрді.  

Жомарт Қолдасбеков баспанадан дәмелі, әйтеуір бір тиіп қалар деген үмітпен күн кешіп жүрген мыңдаған қазақстандықтың бірі. «Тиіп қалар» деп бейқам отыруға болмайды дейсіз ғой. Бірақ басқаға шара жоқ. Үш баласы бар, айлығы шайлығына жетер-жетпес жігіттің шертіп жүріп үй алатын күйі жоқ. Табатыны 42 мың теңге. Әкесінің шаңырағында жүрген жігіттің өкшесін інісі басып, үйленбек ниеті бар көрінеді. Сондықтан Жомартқа бөлек шығу керек. Бірақ...

Жомарт Қолдасбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

Баяғыда үйді алу мүмкін емес еді, қазір одан бетер мүмкін емес болып қалды. Өйткені доллар екі есе өсіп кетті. Мен шынымды айтсам қарамай жатырмын қанша болғанын. Бірақ соңғы мәрте естігенімде 360 па 350 ме сондай еді.

Ал көк қағаз 380-ді бағындырғалы қашан. Жомарт тапқанының бір тиынын жұмсамай жиғанымен, баспанаға деген ақшасы өсудің орнына кеми түседі. Теңгесінің кемуімен жігіттің баспаналы боламын деген үміті де азайды.

Жомарт Қолдасбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен өзім теңгемен жинаймын ақшаны, неге, өйткені өзіміздің валюта ғой деп бір жағынан. Сосын айлықты да теңгемен алып жатқандықтан маған барып доллар сатып алып жүргеннен, ол ертең доллар қайтып түсіп кете ме білмейсің ғой, сол үшін маған теңгемен жинаған ыңғайлы. Бірақ мен қанша жинасам да өзім бюджетный организацияда жұмыс істеймін, өз айлығыммен үй ала алмаймын ешқашан.

Жомарт «қаражатты төл валютамен жинау керек» дегенге иланған көп қазақтың бірі. Ал нарықтағы жағдай мүлдем өзгеше. Мемлекет іштегі сауданы теңгемен жүргіземіз деп оқталғанмен, базардың тәртібі одан «бейхабар».

Дмитрий Ботанов, риэлтор:

Өткен жылдың шілдесінде, осыдан жарты жыл бұрын ғана біздің сайттағы үйлердің бағасының 60-70 пайызы доллармен берілетін. Қалғаны теңгемен саудаланатын. Ал қазір сатушылардың 85 пайызы доллармен есеп айырысқысы келеді.

Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын интернет ресурсының маманы, заңдылық бойынша тоқырау кезінде төмендеуі тиіс бағаның бізде керісінше шарықтап тұрғанын айтады.

Дмитрий Ботанов, риэлтор:

Қазір 2009-2014 жылдардағыдай доллардың қымбаттауына байланысты бағалардың шартты бірліктегі көрсеткішінің төмендеу сценарийі қайталанып жатыр. Бірақ теңгеге шаққандағы бағасы өсуде. Егер де шаршы метрлердің доллардағы бағасы 40-50  пайызға кемісе, теңге 100 пайызға құнсызданды. 100 пайыздан 50 пайызды кемітіңіз, сонда үйлер 50 пайызға қымбаттап отыр.

85 пайызы шетел валютасына байланған  нарықтың құны 50-60 пайызға қымбаттап, қомағай саудагерлердің кесірінен сауда-саттық тоқтаса, құрылысы теңгемен жүргізілген жаңа тұрғын үйлердің де нарығы тоқырап тұр.

Аслан Түкиев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы директорының міндетін атқарушы:

Нарықта өнім тапшылығы, яғни шаршы метрлердің тапшылығы жоқ. Жетіп артылады. Керісінше оларды сатып алатын тұтынушы жоқ. Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеген. Халыққа қол жетімді ипотека керек.

Арзан ипотеканының ауылы тіпті алыс. Отандық екінші деңгейлі банктер төл теңгемен қарыз беруді мүлдем тоқтатқан. Ал құны күн санап шарықтайтын АҚШ валютасымен қарыз алуға батылы барларға бір-екі «жомарт» банк табылып қалуы мүмкін.

Аслан Түкиев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы директорының міндетін атқарушы:

Мысалы Ресейде құрылған бір ғана қор ипотекалық бағдарлама аясында өткен жылы 1,7 трлн рубль қарыз берген. Біздің экономикаға шаққанда, біздің халық саны Ресей халқының оннан бірі, бағам бір рубльге бес теңге, онда бір қордың істегенін істеу үшін біз 800 миллиард теңге несие беруіміз керек. Ал бізде барлық қаржы ұйымдары жабылып шамамен 250 миллиард теңге берген.

Экономисттер коммерциялық банктерге «теңгемен қарыз бермедің» деп өкпелей алмайсың- дейді.

Жанкелді Шымшықов, экономист:

Бұл жерде моральдік, этикалық, немесе саяси-патриоттық талаптар қою екінші деңгейлі банктерге, меніңше бұл енді балалық болады. Неге? +Өйткені оның негізгі мақсаты кез-келген жекеменшік кәсіпкердің жекеменшік банкінің мақсаты әрекет істеп сол арқылы пайда табу. Неғұрлым пайдалы жағын қарастырады ол. Ал Үкімет немесе басқа реттеуші Ұлттық банк сияқты реттеуші ұйымдардың міндеті жеке екінші деңгейлі коммерциялық банктердің теңге арқылы жүргізген әрекетін неғұрлым тиімді ету тетіктерін ұсыну.

Тиімді тетіктерді үкіметтен отандық құрылысшылар да сұрап отыр. Мәселен құрылыс барысында валюта бағамының ауытқуына байланысты келісімшарттар да баспананы қолданысқа берер алдында өзгертілсін деген өтініш кеше айтылды.  Аслан Түкиев тиісті шаралар қабылданбаса құрылыс мүлдем қысқаруы мүмкін дейді.

Аслан Түкиев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы директорының міндетін атқарушы:

2016 жылы біз құрылыс саласында тоқырау болады деп болжап отырмыз. Қауымдастыққа мүше компанияларға қарасақ, жоспардағы жобалар жан-жақты сұрыпталып, тек 20 пайызы ғана іске кірісіп жатыр.

Елдің көбі әлі де бір баспанаға зәру, ал құрылысы аяқталған жаңа үйлер сатылмай тұр, ал құрылысшылардың жұмысқа кірісуге батылы жетпей, ақшаларын банк депозиттеріне тығады. Ал банктер болса сол үйлерді сатып алуға халыққа ипотека бергісі жоқ. Проблема дөңгеленіп келіп, шешімін таппай шеңберге тығылады. -Тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар- дейді экономист.

Жанкелді Шымшықов, экономист:

Бірінші кезекте біздің үкімет тарапынан жергілікті құрылыс материалдарын өндіру саласын жасауға ықпал ету. Барлығын шетелден сатып әкелуге тура келіп отыр. Ал оның барлығына доллар қажет. Ал шынтуайтқа келгенде біздің аумағымыз да кең, біздің тау-кен өнеркәсібі де кең, бізде тіпті астында қаласың құрылыс материалдарының.

Бұл мемлекет тарапынан жасалуы тиіс қадамдар. Одан бөлек баспанаға зәру халықтың да санасы өзгеруі керек. Сонда ғана тәуекелден қорқып құрылыс бастамайтындар жұмысын жандандырып, «доллар қымбаттады» деп бағаны шарықтататын «қомағайлардың» арыны басылуы мүмкін.

Жанкелді Шымшықов, экономист:

Біздің санамыздан шығарып тастау керек доллармен өлшеуді.+ долларды санадан шығарып тастасақ, онда ертең-ақ қалпына келуі мүмкін барлығы. Сондықтан  теңгенің түбіне қашан жетеді деп қарап отырып, ертең соған байланысты құрылысты жандандырамыз немесе сатуды жүргіземіз деу қате пікір.

Жылжымайтын мүлік нарығын зерттеп, бұл саланың көп «керегі» мен шексіз міндеті барын байқап бас шайқадық. Мемлекет дағдарыстан шығудың көзін әлемдік тәжірибеге сүйеніп, құрылысты жандандырудан көріп отыр. Алайда жандануға шынымен жан біту үшін жұмыс кешенді жүргізілуі керек. Өйтпесе, бәрімізге белгілі мысалдағы «аққу, шортан һәм шаянның» халі еске түсе береді.

Айтпақшы, материал әзірленгенше, біздің Шымкенттегі Жомарт есімді кейіпкеріміздің отбасында қуанышты жаңалық болды. Келіншегі төртінші сәбиді дүниеге әкелді. «Әрбір сәби дүниеге өз несібесімен келеді» деген жігіттің Құдайдан да, мемлекеттік бағдарламалардан да үміті зор. Азамат Алдоңғаров, «Біздің уақыт».