$494.95 €525.49 ₽5.05
×

«Біздің сұхбат»

AstanaTV
23.01.2016ж. 20:00
3185
«Біздің сұхбат»

...Биік тау айналасын тұман басса қашанда төменгі сайға мөлдір нәрін беріп отырады. 

Ал, кей адам биікке шықса көзін тұман басады. Бірақ, ол ешқашан биігінің жемісін төменге бере алған емес...

...Кейбір әңгімелер, ...жоспарлар, мақтаныштар құр үрленіп жатқан қарын секілді. Оның да жарылатын күні бар емес пе?
Қазақ үрлеген қарын кепкесін ішіне сары май, қатық немесе ет салып қоюшы еді...

 Жаңа айтқан Нұрбол Ханағат есімді азаматтың әлеуметтік желідегі жазбаларынан.

«Біздің сұхбат».

Нұрбол Ханағат, оралман, әлеуметтік желі қолданушы:

Баян Өлгейде дүниеге келгендіктен, балалық шағым қырда қазақи дәстүрде өтті. Өйткені ес білген сәттен бастап атқа мініп қой жайып, қозы қайырып, дәстүрдің ізін көріп өстім. Сол есейе келе оқу бітіріп ата-мекенге 2008 жылы жол тарттым. Ол жерде де тұра беруге  болар еді. Бірақ біз ертеңгі күнді ойладық. Қазақи болғанымызбен, кейінгі ұрпақтың өмірінің өзгергенін көріп отырмыз. Оның үстіне онда ұлттыққа дінге, тілге деген қауіп қатер көбейіп кетті. Кейінгі буын қазақ жерінде өссін деп көшіп келдік.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Мен өркениеттің адамымын дейсіз. Дей тұра  мен көне дәстүрдің ескі баласымын депсіз. Сонда көне дәстүрді бүгінгі өмірмен астастырып, сол жайында фотосуреттер жариялаудың астарында не жатыр?

Нұрбол:
Атамекендегі қазақтардың кереғар пікірлері бар. Өйткені Баян Өлгейдегі қазақтардың көбі жаз жағдайында киіз үйде қазақы дәстүрмен өмір сүреді. Ол да менің көрген өмірім. Оларды бір өркениеттен ада, басқа бір сипатта елестетеді. Олардың қырда қойшыларша, қалада қалалықтарша өмір сүре алатынын, көшпенділікке де, өркениеттілікке де бірдей бейімделгенін көрсеткім келеді. Өткен мен бүгінгі дәстүрдің айырмашылығын көрсеткім келеді. Кеше сен кім болғансың бүгін кім болғансың деген кейіпппен. Көп жағдайда адамдар өткенін ұмытып кетеді. Бір әлеуметтік желіге сурет сала қалсаң, сол жерде «ей мынау менің балалық шағым ғой», «көрген өмірім ғой»,» қазақ едім ғой» деп еске келе қалады. Ал мен ондай суреттерді жиі-жиі әлеуметтік желілерге салып отырамын. Сол әлеуметтік желіге олардың бір сәтке балалық шағын есіне түсірсем, сол кездегі бейнесін көрсетсем деп, кім екені, білсе деген ниетте, жиі салып отырамын. Сол  арқылы екұдай пкірлерді жоғалтқым келеді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Жалпы осы айтып отырғандарыңызға қарсы топтар бар. Мысалы көнені қазбалай бермей қазіргі заманмен өмір сүру керек, өркениетке бет бұру керек дейді. Жаңа заман талаптарына сай өмір сүру керек дейді. Осыған не дейсіз?

Нұрбол:
Олардың бүгінгі  күнге жеткені кешегі дәстүр мен ұлттық құндылықтардың арқасы ғой. Қазақы менталитетпен өспеген бала бүгінгідей жетістіктерге жетпес еді. Бұл сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық бейнеміз ғой. Біздің кім екенімізді қөрсете алатын символының да бірі осы. Өркениет жоғалса, оны қайта қалпына келтіруге болады. Өркениет дами береді. Егер ұлттық құндылық жоғалса, ол ешқашан қайтіп келмейді. Әрине әртүрлі адамдар бар. Өткенін ұмытқан менің ойымша, кешегі дәстүрге күле қарау-ол кешегі ата бабасына жасаған қиянаты.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Әлеуметтік желіңізге үңілдік, сізге лайк басатындар көп екен. Сонда бүгінгі күні осындай тіршілікпен өмір сүретін  қазақатар бар дегіңіз келеді ғой.

Нұрбол:
Ондай ауылдар бар әрине. Күллі қазақтардың ішінде ең бір дәстүрге берік, қалыптасқан дәстүрдің қаймағын ұстап отырған тағы сол БаянӨлгей  халқы. Жаз өмірге бейімделген. Қымыз ішіп қырда, ат мініп, қой жайса еркін өмір сүруі, қыста қалаға келіп қалалықтарша өмір сүруі. Өкінішке орай бұл тіршілікке бейімделгендер жоғалып барады. Ол алдағы 50 жылда  мүлдем жоғалуы да мүмкін.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Қарап отырсақ, балалық шағыңыздағы әсерлермен көп бөлісесіз. Ол туралы әсірелеп, әспеттеп суреттейсіз. Бұл сағыныштан туған ойлар ма, әлде қазіргі балаларға қарныңыз аша ма?

Нұрбол:
Өткенде әлеуметтік желіге бір сурет салдым. Ол менің балалық шағымда құммен ойнаған кезім. Сол құммен ойнаумен қазіргі баланың ойынын салыстырсаңыз, мүлдем басқаша, кешегі мен бүгінгіні салыстыру мүмкін емес. Астарлап, әзілдеп айтамын: біз су жағасында құмнан ауыл салып ойнайтынбыз деп. Ауыл мен ауылды қыдырып ойнайтынбыз деп. Ол кезде бірақ біз сол ауылдың әкімі болсақ деп армандамаушы едік. Қазіргі  балалар, сол белгісіз ауылдың әкімі болсам деп армандайды. Біз бір ұлттың бейнесін армандамаймыз. Олар жеке бастың мүддесін армандайды. Соған қарнымыз ашады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Нұрбол осы орамды ойларыңыз бен тұщымды пікірлер үшін рахмет. Сізге тек алдағы уақытта сәттілік тілейміз.