Қызылжарда жаңа жыл мерекесіне
орай түрлі-түсті шамдармен безендірілген көліктердің шеруі өтті. Отызға жуық
көлік шаһар көшелерін бастан-аяқ аралап, тұрғындарды келе жатқан мейраммен
құттықтады. Арнайы бағдарламаға сәйкес темір тұлпар иелері қаланың ірі
саябақтарына тоқтап, ондағы жұртқа концерт қойды. Шағын ән кешінде түрлі
ойындар да өткізілді. Белсенділігімен танылған адамдар кәмпит дорбаларына ие
болды.
Жалпы, бұл шараның кешқұрымда ұйымдастырылуы кездейсоқ емес екен.
Төбесіне шырша орнатып, сан түрлі шамдармен безендірілген көліктер менмұндалап,
бейуақта тұрғындарды баурап алды. Айта кету керек, жаңа жылдық көлік керуені
Петропавлда алғаш рет өтіп тұр.
Александр
Градвольд, шараны ұйымдастырушы:
Біз
бұрын-соңды болмаған ерекше шара ұйымдастырғымыз келді. Шынын айту керек,
арзанға түскен жоқ. Көліктерді безендіруге,
сыйлықтар сатып алуға біраз қаржы кетті. Бірақ шара тұрғындардың
көңілінен шыққан сияқты. Енді бұны жыл сайын өткізетін ойымыз бар.
Абзал
ҚҰРМАНКИН