Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

2014 жыл жемқорлыққа қатысты аты шулы сот процестерімен есте қалды

AstanaTV
30.12.2014ж. 20:00
1863
2014 жыл жемқорлыққа қатысты аты шулы сот процестерімен есте қалды

2014 жыл аты шулы сот процестерімен де есте қалды. Жылы кабинетке әбден үйренген талай шенеуніктің тергеу изоляторларынан бір-ақ шыққаны елді едәуір дүрліктірді. Кей атқамінерлер, тағылған айып негізсіз болып, босап жатса, енді біреулері талай жылды арқалап кетіп жатты темір торға. Осылайша, қолда барда қоныштан басуға бейім тұратындармен жаңаша күрес жүрді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті (06.08.2014 ж.):

Финансовая полиция будет упразднена в Агентство по делам государственной службы и противодействию коррупции. Руководителем Агентства по делам государственной службы и противодействию коррупции назначается Кожамжаров Кайрат. Он принесет успех особенно по второй части.

Осылайша Президент артқан сенімнің үдесінен шығуға Қайрат Қожамжаров білек сыбана кірісті. Жоғарғы шенді жемқорлардың соңына шырақ алып түсті.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (24.09.2014 ж.):

Алдын алу керек коррупцияның, сыбайлас жемқорлықтың. Қылмыс жасаған кезде көбінесе, практика көрсетіп отыр ғой, көптеген әкімдер жауапқа тартылды ғой. 

Биылғы жылғы сенсациялық іс Премьер-министр лауазымын атқарған Серік Ахметовке қатысты қозғалды. Ол Қорғаныс министрі қызметінен қазанның 22-де өз еркімен кетсе, бір ай өтпестен, жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, үй қамаққа алынды. Бұған дейін Үкіметті басқарған лауазымды тұлғаға қатысты іс қозғалмаған еді. Бұл жаңалық қоғамды бір сілкінтіп тастады. Ал осының сәл-ақ алдында, Серік Ахметов секілді, Қарағанды облысын басқарған экс-әкім Бауыржан Әбдішевтің басына іс түскен еді. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды, жер телімдеріне қатысты заңсыз әрекеттерге жол берді деген айыптар тағылды.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің де жемқорлықтан ада еместігін көрдік. Қазанның 27-де шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов ұсталды. Оған қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, 300 мың доллар көлемінде пара алды, қылмыстық топ құрды деген айыптар тағылды. Жемқорлықпен аты шыққан тағы бір  жоғарғы шенді  - генерал Бағдат Майкеев. Қорғаныс министрінің экс-орынбасары қаңтарда тұтқындалып, маусымда сот үкімі шықты. Заңсыз қару сақтады, 1,5 млн доллар көлемінде пара алды деген айыптар тағылған Майкеев алты жылға сотталды. Әскерилерден ауыл шаруашылығы саласын басқарған шенеуніктер де қалыспады.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі (24.12.2013 ж.):

Егер ондай соттың үкімі шығатын болса, Умиряев қылмыс жасаған болса, мен отставкаға беруге дайынмын.

Бұл Асылжан Мамытбековтің осыдан тура бір жыл бұрынғы сұхбаты. Кезінде журналистер үшін ашық болған Үкімет отырысынан кейінгі берген уәдесі. Ал мына сөзді министр таяуда ғана айтты.

-Сіз отставкаға кетесіз бе? -Оны уақыт көрсетер. (29.10.2014 ж.)

Экс-орынбасары 10 жылға кесілген кезде Ауыл шаруашылығы министрі айтқанынан айнып қалды. Мүслим Өмірияев өткен жылдың желтоқсанында тұтқындалып, сот үкімі биыл қазанда шықты. Ал шілдеде парамен ұсталған Ауыл шаруашылығы министрлігінің тағы бір шенеунігі - Мақсұт Бақтыбаев - шартты мерзім алып темір тордан құтылды. Айыптаушылар оның пара алғанын дәлелдей алмады.

Жазасы жеңілдетіліп, оңай құтылған ендігі атқамінер - Ерлан Арын. Ол өткен жылдың желтоқсанында өз еркімен әкімдік креслосынан түскен еді. Ал биыл наурызда ол тұтқындалып, сот алдында жауап берді. Дегенмен, Ерлан Арын жаңа жылды өз шаңырағында қарсы алмақ. Шартты мерзім алып, сот залынан босатылғанына бір айдан сәл асты. 

Бірақ істі болып жатқан шендінің барлығы жазадан жеңіл құтылып жатқан жоқ. Шілдеде қолына кісен салынған табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспановтің ісіне әлі нүкте қойылған жоқ.

Елді дүрліктірген келесі іс - Рысқалиевтер ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты. 22 адам жауапқа тартылды. Олардың заңсыз әрекетінен бюджетке 70 млрд теңге шығын келген. 15 адам темір торға қамалды, оның сегізі сот залында тұтқындалды. Арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары мен қаланың экс-басшысы да бар.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Алайда қылмыстық топты құрды деп айыпталған Бергей және Аманжан Рысқалиевтерге қатысты сот процесі қашан басталатынын ешкім болжай алмайды. Өйткені басты фигуранттардың қайда екені әлі күнге белгісіз. Десе де, түйені түгімен жұтқан кей атқамінерлердің қылмысы дәлелденіп, бірнеше жылды арқалады. Енді біреулері ақталып сот залынан босады. Дегенмен жемқорлықтың оңайлықпен жеңілмейтіні анық. Тек, бюджеттің бүйірінен тістеп үйренгендердің ізіне түскен агенттік алған бетінен қайтып қалмаса болғаны.

Айгүл ӘДЕПБАЙ 

Алдыңғы жаңалық