Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

2014 жыл - сыртқы саясатта аумалы-төкпелі жыл болды

AstanaTV
31.12.2014ж. 20:00
1150
2014 жыл - сыртқы саясатта аумалы-төкпелі жыл болды

2014 - сыртқы саясатта да аумалы-төкпелі  жыл болды. Ірі державалар арасында араздық туып, бір-бірінің қас-қабағын аңдумен болды. Қырғиқабақ соғыстың өршуіне Украинаға қатысты проблемалар сеп болып отыр. Киевтегі толқудың салдары, Қырым түбегінің Ресейге қосылуы - әлемдік геосаясатты түбегейлі өзгертті. Батыс елдері Ресей Федерациясын сансыз санкциямен қыспаққа алып, экономикасын анағұрлым әлсіретті. Америка Құрама Штаттары лидері үшін де бұл жыл айтарлықтай сәтті болмады. Төрткүл дүниені үрей құшағында ұстаған «Аль-Каиданың» позициясы да әлсіреді. Ал емі әлі табылмаған Эбола вирусы  8 мыңнан астам адамның өмірін қиды.

Украинадағы дүрбелең тура бір жыл бұрын басталды. Халықтың бір бөлігі Еуропамен интеграцияны қолдап, үкімет пен билікке талап қойды. Сол кездегі президент Януковичке елдің өкпесі қара қазандай еді. Десе де сол тұста әлеуметтік-экономикалық жағдай дәл бүгінгідей емес-тін. Ресей газы қолжетімді бағамен, бір текше метрі үшін 268 долларға саудаланған. Коммуналдық тарифтер де тым қымбат емес еді. Бірақ бүгін Украинаның жағдайы 180 градусқа өзгерді. Бағалар аспандап, әлеуметтік жағдай ушықты. Ресей де газ құнын шарықтатып жіберді. Белшеден қарызға батқан ел іштей  бөлініп, әлі күнге  бейберекет күн кешуде.

Биылғы өзгерістердің дені Украинаға тікелей қатысты болды десек, артық айтқандық емес. Қырым Ресейге өткелі, Батыстан береке кетті. Еуропалық одақ Ресейді қалай да жазалау керек деп шешті. Артынша екі тарап арасында санкциялық соғыс басталды. Брисбенде өткен G-20 саммитінен соң  Владимир Путин Украинаға қатысты өз позициясын аңғартты.

Осы тұста Қазақстан да Украинадағы күрмеуі қиын мәселені шешуге атасалысып, арағайындық танытты. Желтоқсанда Украинаға арнайы барған Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұтас елдің бөлшектенуіне қарсы екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Менің жасым мен саяси тәжірибем екі тарапқа да ақыл айтуға жетерлік. Ресей мен Украинаны  осы тығырықтан жол табуға үндеймін. Территориялық тұтастықты сақтай отырып, бейбіт шешім іздестіру қажет.

Өтіп бара жатқан жылдың тағы бір маңызды оқиғасы ретінде АҚШ-тағы Конгресс сайлауын айтуға болады. Ақ үй басшысы Барак Обаманың рейтингі бұрын болмаған деңгейге түсіп кетті. Сауалнама қорытындылары демократиялық партияның сайлаушылар қолдауынан айрылып жатқанын көрсетеді. Сондықтан демократтардың көбі Обамадан іргесін аулақ сала бастады. Обама билігіне баға берген сайлаудан соң республикашылар басымдыққа ие болып отыр.

Даррел Уэст, Брукингс институтының сарапшысы:

Обама жеңіліс тапты. Республикашылар оның салықтық саясатын, әлемдік аренадағы саясатын сынап, жер қылды. ObamaСare бағдарламасы да сәтсіз болып шықты. Демократтардың ішкі де сыртқы да саясаты сәтсіз.

Сауалнама көрсеткендей, сайлаушыларды алаңдатқаны - Эбола індетінің өршуі және «Ислам мемлекеті» терроршыларының күшеюі. Сарапшылар да осы екеуін әлемге төндіріп отырған қауіп деп атады. «Ислам мемлекеті» бүгінде өзінің валютасы мен ифрақұрылымы, бақылаудағы террирориялық аумағы бар ұйым. «Аль-Каиданы» ығыстырған күш халифатқа айналуы  мүмкін деп үрейленеді кей сарапшылар.

Ал, Эбола індетінің емі әлі жоқ. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бір жыл ішінде вакцина дайын болады деген мәлімдеме жасады. Вирусты жұқтырып мерт болғандар саны 8 мыңнан асып жығылады. Тағы бір жылдан соң жағдайдың не болары белгісіз. 2014 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық саясат пен өзге де құрылымдардың мықтап өзгеріске ұшырайтыны күтілуде. Десе де, күн тәртібіндегі басты проблемалар Украина дағдарысы мен «Ислам мемлекеті» болып қала береді деуге негіз бар.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА