Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайының қос акциясын жұрт қолдады

AstanaTV
05.01.2015ж. 10:00
2560
Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайының қос акциясын жұрт қолдады

Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайы қазақ хандығының 550 жылдығы мен қаланың 80 жылдығына орай қос акция жария етті. Аталған шараларға орай, тұрғындардан тарихтан сыр шертетін көптеген құнды жәдігерді қабылдауда.

Қолөнер шебері Ғайнитдин Әбдірахманұлы акцияға қолдау білдірді. Оның негізгі мамандығы - инженер-механик. Дегенмен, ол ата-бабаларымыздың ертеде қолданған дүниелеріне аса ыждаһаттықпен қарайтынын айтады. Өз қолынан шыққан қазақы құрал-жабдықтарды мұражайға тапсырып, оның қоржынын байыта түсті. Алаша тоқитын өрмек, асатаяқ, ширатқы, талқы, шоқпар мен сыдырғылар ежелгі қазақ тұрмысынан сыр шертеді. Бұрынғы ұстаз, қазіргі зейнеткер бұйымдарын қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнағандықтан, заттардың тарихын зерттей отырып жасағанын айтады. Мақсаты - жас ұрпаққа өз ұлтының шеберлігі мен өнертапқыштық қасиетін көрсету болыпты. Мәселен, киіз үйдің уықтарын жасайтын үскібіз бен алаша тоқитын шағын қондырғы бұрын әр қазақ отбасында болғанын айтты.

Ғайнитдин Әбдірахманұлы, қолөнер шебері:

Мынау алаша тоқитын ертедегі қазақтың кәдімгі станогы, анау киіз үйдің жабдықтарын жасайтын станок. Бұларды қазіргі ұрпақ білсін деп жасадым. Оларды зерттеп, энциклопедиялардан қарадым. Дәл осындай нұсқасы кітапта жоқ екен. Мұны оқушыларыма жасап, көрсеттім.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылған заттарға қарап, қала тарихының сан қырлы екенін аңғаруға болады. Көпшілік негізен Кеңес кездерінде пайдаланған заттарды өткізген. Жергілікті тұрғындар өткен ғасырда пайдаланылған екі жүзден астам тұрмыстық затты әкеліп тапсырыпты. Олардың арасында әшекей бұйымдар, сағат, сондай-ақ жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің мерекелік киімдері бар. 

Меруерт Орысбаева, Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайының бас қор сақтаушысы:

Кеңес кезінде тәрбие алған адамдар өз үйлерінде көп нәрселерді сақтап келген. Әрине, ол заттарды өз заманында маңдай термен тапқан ақшаларына сатып алған. Күтіп ұсталғандары да бар. Біз енді оларды мұражай төріне қоятын боламыз. 

Айжан ҚУАШ