Adv pic
$475.25 €505.52 ₽4.95
×

Түркия үшін «Күрдістан жұмысшы партиясы» күрделі мәселеге айналды

AstanaTV
25.01.2016ж. 20:00
2882
Түркия үшін «Күрдістан жұмысшы партиясы» күрделі мәселеге айналды

Соңғы айларда Түркияның шығыс және оңтүстік-шығыс аймағының тыныштығы бұзылып, тұрақтылықтан маза қашты. Тұрғындар баспаналарынан сыртқа шыға алмай, үлкен үреймен күн кешіп жатыр. Себебі террорлық ұйым ретінде танылған «Күрдістан жұмысшы партиясының» содырлары ел ішінде түрлі жарылыстар ұйымдастырып, әскерилерге қарсы оқ атуын тоқтатар емес. Түркия Қарулы Күштерінің Бас штабы таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы жеті айда террористердің қолынан 250 астам әскер мен полиция қаза тапқан. Сонымен қатар, қаңғыған оқтың құрбаны болған бейбіт тұрғындар да бар. Самат Сүлей сабақтайды.

Түркияның «Күрдістан жұмысшы партиясының» қолынан күніне кемінде екі әскер қаза тауып, бірнешеуі жараланады. Жақындарынан айырылып, баспанасыз қалған тұрғындардың етек-жеңі жасқа толы.

Айналайындар, бұл азаптан арылатын күн туа ма бізге? Құдай үшін тоқтатыңдаршы! Біздің не жазығымыз бар? Жетер. Кішкентай балаларымыз қырылып, бейбіт халық жапа шегіп отыр. Қаншама отбасы аш-жалаңаш қалды.

Ел президенті Реджеп Тайып Ердоғанның айтуынша, Түркиядағы күрд өкілдерімен 2013-ші жылдан бері бейбіт келісім бар. Мәселенің туындауына террорлық ұйымдар себеп.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Бәз біреулер, билік басындағылар күрдтерді өлтіріп жатыр, деп шулап жүр. Ақиқатына үңілсек, еліміздің шығысындағы әскерилер мен полицияға оқ атып жүргендер күрдтер емес, террорлық ұйымның содырлары. Біздің арамызда оларға қол ұшын созып жүргендер бар. Біз оларды анықтаймыз. Қайталап айтамын, үкімет күрдтермен емес, террористермен, яғни «Күрдістан жұмысшы партиясы» содырларымен қарсы күресіп жатыр.

Абдулла Өзтүрік - бірнеше жылдан бері «шығыстағы шайқас» туралы қалам тербеп жүрген журналистің бірі. От пен оқтың ортасында болып, оқиғаны көзбен көрген оның пайымынша, азаттықты аңсаған күрдістандықтармен күрес 5-10 жылға жалғасуы мүмкін.

Абдулла Балджи, журналист:

Бұл мәселе бес-он жыл ішінде бітпесі анық. Өйткені бұрындары тау-тастың арасында жүрген содырлар қазір қала ішіне кіріп, халықтың арасында жүр. Ал, бұл аймақтағы тұрғындардың басым бөлігі - күрд ұлтының өкілдері. Сондықтан аталмыш өңірде қарулы қақтығыстың соңы ел ішіндегі тұрақсыздықпен жалғасып кете ме деген қауіп бар.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, «Күрдістан жұмысшы партиясы» мен Түркия арасындағы қарулы қақтығыс 1980 жылдары басталған. Содан бері екі жақтан 100 мыңға жуық адам көз жұмды деген дерек бар.

Самат СҮЛЕЙ