Шымкентте желтоқсан айында екі қабатты үйде болған жарылысқа газ
құрылғысындағы ақау себеп. Ал пәтер иесі оны дер кезінде анықтамаса керек. Екі
аптадан астам уақыт тексеру жұмыстарымен айналысқан комиссия осындай
қорытындыға келді. Оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу
амалдары әлі де жүріп жатыр. Тақырыпты Айзада Төребекқызы сабақтайды.
Жарылыстан төрттен бір бөлігі күлге айналған екі қабатты үйдің материалдық
шығын мөлшері 50 млн теңгенің үстінде. Мамандардың есебі осындай. Ал табиғи
газдан туған апат төменгі қабаттағы 2-пәтерден шыққан. Апаттың
себеп-салдарын анықтаумен айналысқан комиссияның қорытындысы бұл.
Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы
бастығының орынбасары:
Ол жерде техникалық ақауларға жол берілген. Газ құрылғысы дұрыс
орнатылмаған. Бұл жерде бізден бөлек ішкі істер бөлімі сот-медициналық
сараптамасын тағайындады. Олардың қорытындысы бұдан басқа болуы да мүмкін.
Төтенше жағдайдан баспанасыз қалған сегіз отбасының төртеуі туыстарын паналаса,
тағы төртеуі жатақханада тұрып жатыр. Басқарма мамандары айтқан 2-пәтерде
Роза Корчагина тұрған. Абайсыздықтан апатқа себепкер болды деп өзіне кінә
артылғанымен, ол келіспейді.
Роза Корчагина, зардап шегуші:
Шындығында жарылыс табиғи газ салдарынан болды. Менің қонақ бөлмем мен
жатын бөлмемнен түк қалған жоқ. Ал ас үйім сол қалпында тұр. Егер менің газ
пешімнен шыққан болса, мен қазір тірі тұрмас едім. Анығына көз жеткізбей жатып, кінәні маған аудара салған. Мен онымен келіспеймін. Қорғаушы жалдап, заңға
жүгінем.
Еске салайық, Шымкенттегі Ақназар хан көшесіндегі 62-үйде желтоқсанның
20-сы күні жарылыс болды. Арты алапат өртке ұласты. Сегіз пәтерлі баспананың
төрттен бір бөлігі жанып кеткенін айтқанбыз. Апат бірінші қабаттағы пәтер иесі
ас үйде газ плитасын тұтатқалы жатқан сәтте шыққан. Комиссия қорытындысында
айтылған дерекке сай, 2-пәтер иесі жауапқа тартыла ма, жоқ па, ол жағы анық
емес. Анығы - тұрғындарды баспанамен қамту жолдары қаралып жатыр.
Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы
бастығының орынбасары:
Біз түзген акт негізінде бұл
жерде жилищная комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде біз бір жағын қарап
едік, ол заңға қайшы кеп отыр. Біз ойлап едік - әрқайсысына шот ашып, ақша аударып
берсек, өздері әрі қарай алса деп. Енді ол заңға қайшы келеді екен, төтенше
жағдай болғандықтан. Соған байланысты енді қазір бюджетті нақтылап болған кезде, ақшаны қоямыз да, тендер жариялаймыз.
Айзада Төребекқызы,тілші:
Апат орны қазір теп-тегіс. Сүріліп тасталған. Ал қыстың көзі қырауда
баспанасыз қалған сегіз отбасы осы көктемнен қалмай баспаналы болады.
Жергілікті шенділер осылай деп сендіріп отыр. Бір атап айтарлығы - жарылыстан
зардап шеккендерге өздері тұрған пәтердің аумағымен пара-пар баспана сатып
әперіледі.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ