$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Қостанайдағы шағын аудандардың бірінде тұрғындар пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымдануда

AstanaTV
12.01.2015ж. 20:00
1391
Қостанайдағы шағын аудандардың бірінде тұрғындар пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымдануда

Қостанайдағы шағын аудандардың бірінде тұрғындар пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымдануда. Мұндағы нөмірі он бірінші көпқабатты үйдің тең жартысында температура қыс бойы 18 градустан жоғарыламаған көрінеді. Ал көпшілік арқаның аязына аяқ-қолын тоңдырып алмау үшін, қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Олар, жылудың жайын жыл сайын көтереміз, бірақ мәселе әлі шешімін таппай отыр, дейді.

Күлән Амангелдіқызы үш жасар немересін қалың киіндіріп, қымтап отырады. Үйдің салқындығынан кішкентай Инаят екі-үш рет ауруханаға да түсті. Ересектер суыққа бейімделіп алған. Бірақ балғындарға қиын. «Олар бірден сырқаттанып қалады», - деп қынжылады қарт ана.

Күлән Ахметова, қала тұрғыны:

Өйткені үйдің ауасы ауыр, ылғалдылығы жоғары. Жататын орнымыз да ылғалданып кетеді. Кейде үйдің температурасы 18 градус, кейде газды, электрожылытқышты қосқанда, 20 градусқа көтеріледі.

Тұрғындардың айтуынша, нөмірі 11-ші үйдің тең жартысындағы тоқсанға жуық пәтер дұрыс жылынбайды. «Соңғы бес жылдан бері қала басшылығы мен тиісті коммуналдық мекемелерге хат жазып келеміз. Бірақ одан еш көмек болмай отыр», - деп ашынады тұрғындар.

Ирина Шаповалова, қала тұрғыны:

Қашанғы суыққа төземіз. Неге біздің мәселені ешкім шешпей отыр. Үйіміздің сиқы мынау: қабырғалары көгеріп, ылғалданып кетті. Балаларымыз әбден сырқат болды. Тек емдеумен келеміз.

Алайда, көпқабатты үйлерге жылу тарататын компания өкілдерінің өз айтары бар. Коммуналдық мекеме мамандары мәселенің мәнісін телефон арқылы түсіндіріп көруге тырысты.

Николай Беляк, Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының бас инженері:

Бізде жылулық өлшейтін арнайы құрал бар. Ол құрылыстың осал тұстарын анықтайды. Яғни бар мәселе осы үйдің кезінде сапасыз салынғанында. Әйтпесе біздің құрал жылулықтың деңгейі келісімшартқа сәйкес екенін көрсетіп тұр. Егер 40 градус жылулық керек десе, олардың жеке мәселесі.

Бақандай тоқсан пәтердің тұрғындары бес жылдан бері осылайша дірдектеумен келеді. Олар жылу-энергетикалық компаниясының көпқабатты үйді толықтай жылумен қамтамасыз етуге қауқарсыз екендігіне наразы. Себебі үйдің тең жартысында жылу қалыпты, ал келесі бөлігі салқын. Яғни үйге біркелкі жылу берілмейді деген сөз. Тұрғындар енді арнайы қондырғы орнатылсын деп, талап қойып отыр. Тек оның қашан қойылары белгісіз.

Заңғар САНАЙ