$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Германия, Украина, Франция және Ресей президенттерінің Астанада өтеді деп жоспарланған кездесуі бірнеше аптаға кейінге шегерілді

AstanaTV
13.01.2015ж. 13:00
1112
Германия, Украина, Франция және Ресей президенттерінің Астанада өтеді деп жоспарланған кездесуі бірнеше аптаға кейінге шегерілді

Германия, Украина, Франция және Ресей президенттерінің Астанада өтеді деп жоспарланған кездесуі бірнеше аптаға кейінге шегерілді. Бұл туралы Еуропарламенттің Сыртқы істер жөніндегі Комитет басшысы Эльмар Брок мәлімдеді. Еске салайық, бұған дейін "норманд төрттігінің" 15-қаңтарда Астанада кездесетіні туралы ақпарат тараған.

Броктың сөзінше, саяси директорлар мен министрлердің алдын-ала кездесуіне қарамастан, арадағы ахуал президенттер бас қосып мәмілеге келетіндей жағдайға әлі жетпеген. Кездесуде қаралатын басты мәселе Украинадағы шиеленісті шешу болыр тұр.

12-қаңтарда Германия, Франция, Ресей және Украина Сыртқы істер министрлері Берлинде жиналып, Донбастағы жағдайды 3,5 сағат бойы талқылады. Нәтижесінде тараптар түйткілді шешу үшін, әлі де кездесулер өткізу керектігін айтты. Ел басшылары Астанада содан соң барып бас қосады деп келісті.

Сондай-ақ, Ресей президенті Владимир Путиннің "норманд төрттігі" кездесуіне қатысып-қатыспайтыны әлі белгісіз. Кремль ресми түрде мұны растамады. Күні бұрын Ригада латвиялық әріптесімен кездесу кезінде елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров экономикалық санкциядан құтылу үшін Ресей Еурооадақ талаптарын орындауға дайын еместігін айтты.


Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

Латвиялық әріптестеріміз кейбір шарттарды орындасақ, шектеулерді алып тастаймыз дегенге меңзеп отыр деп бірнеше рет айтқанбыз. Біз ештеңені талқылағалы отырған жоқпыз. Бұл заңсыз әрі шектеу шараларынан біз зардап шегіп отырмыз. Бірақ, Ресей бұл тығырықтан шығатыны анық. Ал санкциялардың кері әсерін сезіп отырған еуропалық әріптестер, өздері дұрыс қорытынды жасаулары керек, - деп ойлаймын.

Мөлдір ДЮСЕКИНА