Түркияда
ауа райының күрт өзгеруінен күтпеген оқиғалар орын алуда. Қаңтардың алғашқы
онкүндігінде жауынның арты қалың қарға ұласып, тұрғындарды әбігерге салып
қойды. Табиғаттың мұндай тосын мінезіне үйренбеген тұрғындар тоңып
қалғанын айтады. Күн райының қолайсыздығынан жол апаты көбейіп, із-түссіз
жоғалғандар мен жолда қалғандардың саны артқан. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар
басқармасының мамандары ақпар таратты. Осыған орай, оқушыларға демалыс
жарияланып, кейбір қалааралық жолдар уақытша жабылды. Тақырыпты әріптесім Самат
Сүлей жалғастырады.
Анадолы
елінің суығын Астананың сары аязымен немесе Батыстың желі аралас минус 30-40
градустық қытымыр қысымен салыстыруға келмейді. Мәселен, бүгін Ыстамбұлда ауа
райы плюс 2-мен 6-ның арасы. Жергілікті тұрғындар үшін бұл да салқындау. "Ал, апта
бұрын ел-жұрттың мұрнын қызартып, аяқ-қолын қалтыратқан сары аяз кезінде
термометр -9 градусты көрсеткен еді", - деп еске алады. Қыстың суығына жатырқай
қарайтын түрік ағайындар бұны сібірдің циклоны деп қабылдады.
Түркия
халқы апта бойы алқымнан алған суық пен қалың қарға әзір болмағанын, жергілікті
ақпарат құралдары жарыса жазуда. Әсіресе, көлігіне көңіл аудармай, дайындықсыз
сапарға шыққандар жолда қалды. Үсік шалып, зардап шеккендер көп. Апаттың алдын
алу үшін, елдің ішкі істер министрлігі аудан және ауыл арасындағы жеті мыңдай
жолды жауып, оқушыларды демалысқа шығарды. Түрік әуе жолдары ішкі және сыртқы
рейстегі 54 ұшақтың уақытын бірнеше сағатқа шегерді.
Кенан
Өзгур, жолаушы:
Жол-жөнекей батып тұрғандарды көріп, көмектеспек болдық. Жапалақтап жауған қар
үстін-үстін жауып, соңында өзіміздің машинамызды шығара алмай қалдық. Көлік
ішінде 3 сағат отырдық. Қайта құтқарушылар көмекке келіп, аман-есен елге
жеттік.
Кейбір
қалаларда қардың биіктігі бір жарым метрге дейін жеткен. Қалың қардың құрбаны
болғандардың ең көбі елдің шығысындағы Трабзон провинциясында. Қаңтардың 10
күні Чайкара ауданында құрылыс алаңында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су электр
станциясының бес жұмысшысы қар көшкінінің астында қалған. Оқиға орнына
құтқарушылар 22 сағаттан кейін ғана жете алды. Олар екі адамның мәйітін тапқан.
Әбділ
Жәлил, Өз Трабзон қаласының губернаторы:
Қазір
арнайы топ қалған 3 жұмысшының денесін іздестіруде. Жалпы, құрылыс басында жиын
саны 45 адам болған. Аман қалған 40 аудан орталығына жеткіздік. Ал
жоғалғандарды табуға 70 маман мен 13 қар күрейтін техника жұмылдырылды. Апат
күні оқиға болған жерге бара алмадық, өйткені қар көшкіні болуы мүмкін деген
қауіп бар еді.
Бірнеше
күн бойы қалааралық жолдардың жабылуы елдегі көкөніс пен жеміс-жидек бағасының
қымбаттауына сеп болды. Өнім құны әдеттегі бағадан 50-60 пайызға артқан. Үкімет
бұл уақытша құбылыс деп жұбатты. Ал синоптиктер апта соңында күшті жел
тұратынын болжап, Мәрмәр, Эгей және Қара теңіз жағасында орналасқан ел-жұрттың
сақ болуын ескертуде.
Самат
СҮЛЕЙ