$488.45 €529.19 ₽5.04
×

«Ұйқы ауруына» шалдыққан Калачи ауылының тұрғындары биыл толықтай өзге жаққа көшірілмек

AstanaTV
14.01.2015ж. 20:00
881
«Ұйқы ауруына» шалдыққан Калачи ауылының тұрғындары биыл толықтай өзге жаққа көшірілмек

Белгісіз «ұйқы ауруына» шалдыққан Калачи ауылының тұрғындары биыл толықтай өзге жаққа көшірілмек. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Астана маңындағы елді мекендерді дамыту тақырыбындағы кеңесте мәлімдеді. Айтуынша, тұрғындардың басқа өңірлерге қоныс аударуына ауыл шаруашылық тауарларын өндіруші кәсіпорындар өз қаражаты есебінен көмектесуге келіскен.

Бүгінде калачилік отбасылардың 57 пайызы көшуге ниет білдіріп отыр. Биылғы қаңтар айының өзінде 8 жанұя өзге жаққа қоныс аударып, жаңа баспаналы болды. «Алдағы ақпан айында тағы 25-30 отбасы қоныс аударады деп күтілуде», - дейді өңір басшысы.

Сергей Кулагин, Ақмола облысының әкімі:

Калачиден ең алдымен көп балалы отбасылар көшіріледі. Алдағы 3-6 айға осы істі жоспарлап қойдық. Мәселен, Державинка қаласында 2 тұрғын үйді қалпына келтіру ісі жүріп жатыр. Әр үй болжаммен 250 миллион теңгеге жөнделмек. Онда 150 адам қоныстанады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Есіл қаласында жаңа көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Мұндай шараларды мемлекеттің көмегінсіз, тек ауыл шаруашылығы субъектілерінің қолдауымен жасаймыз. Алдағы уақытта мемлекет те көмек қолын созады деген ойдамын. Көшіру жұмысы 2015 жылдың аяғына дейін бітеді деп ойламын.

Василий Цюпка - отбасымен бірге алғаш болып қоныс аударғандардың бірі. Калачиде 33 жыл бойы тұрған қария астық тиеуші болып еңбек еткен. Бүгінде ол Целиноград ауданының Ақмол ауылына көшті. «Ұйқы ауруын бірнеше рет бастан кешірдім. Қоныс аударғаннан кейін ол індеттен арылдым», - дейді өзі. Василий Цюпкаға жалдамалы баспананы Ақмола облысының «Феникс» акционерлік қоғамы табыстаған. Енді оған жаңа жұмыс ұсынылып отыр.

Василий Цюпка:

Ауылдағылардың көбі, әсіресе қарттар, көшкілері келмейді. Жинап-тергендері бар дегендей. Менің өзім Калачиде 33 жыл тұрдым. Таныс, дос-жарандарымды, қызметтестерімді қимай-қимай кеттім. Оңай емес қой. Осында келгеніме бір аптадай ғана уақыт өтті. Өзімді жақсы сезінемін. Ұйқы басып жүрген жоқ.

Еске салсақ, өткен жылдан бері Калачи ауылын белгісіз «ұйқы дерті» дендеді. Денсаулық сақтау министрлігі, ғалымдар және мамандар сансыз тексеру жүргізгенімен, әлі күнге дейін аурудың нақты себептерін анықтау мүмкін болмай тұр.

Жұрағат БАМАН