$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Шымкентте шойын жолда болған ірі апатқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті

AstanaTV
16.01.2015ж. 20:00
1676
Шымкентте шойын жолда болған ірі апатқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті

Шымкентте шойын жолда болған ірі апатқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Оқыс оқиға өткен жылдың мамыр айында болған еді. Шу стансасынан Арыс қаласын бетке алған 58 тіркемесі бар отарба кенеттен рельстен шығып кеткен. Сот барысын әріптесім Айзада Төребекқызы бақылап қайтқан еді. 

Осыдан тұп-тура 8 ай 11 күн бұрын Көкбұлақ ауылы маңында темір жолда болған апатқа қатысты қаралған қылмыстық іс бүгін сот залында жария болды. 16 томнан тұратын қылмыстық іс Абай аудандық сотында қаралуда. Пойыздың апатқа ұшырауына жол берді деп айыпталып отырғандар бес адам.

«ҚТЖ» ұлттық компаниясына қарасты «Шымкент жол дистанциясы» филиалының бұрынғы директоры, бас инженері, учаске бастығы мен тағы екі жұмысшысы «қателікке жол берді» деген күдікке ілінген. Жеті айдай жүргізілген тергеу нәтижесіне сай «Вагондардың жолдан шығуына рельстің техникалық ақауы себеп. Шойын жолдың байланысы дұрыс болмаған, ақау дер кезінде анықталмаған» деген қорытынды жасалды. Мұны Бас көлік прокуратурасының өкілдері айтып отыр. Алайда «тергеу біржақты жүрді» деген айыпталушы тарап мұнымен келіспейді.

Мұрат Қалымбетов, адвокат:

Машинистер айтады көмекшісі екеуі: «Біз жолда келе жатып жолдың ирелеңдеген жылан тәрізді немесе «s» тәріздес деп жатқан, ол қылмыстық істе де көрсетілген. Онда «s» әрпі секілді жолдан қалай өтіп кетеді? Бұл бір. Екіншіден, айтып отырған жолдың бұралаңдаған бөлігі айғақты зат бүгінгі күнге дейін жоқ. Табылмаған.

Айыпталушы тарап қателік вагондарды тізбектеп тіркеу кезінде кеткенін айтады. «Бос вагонның үшінші орынға емес, соңғы бөлікке қосақталуы қажет еді», - дейді. Өзге де дәйектерін көлденең тартады.

Мырзабек Асанбаев, «Шымкент жол дистанциясы» филиалының бұрынғы директоры:

Бұл жерде бірінші себепкер машинист. Ол ұйықтап қалған ба. Машинстің өзінің бірінші сұрақ жауап кезінде «теңселді» дейді. Сол кезде бұлар экстренно өзінің «свой» деген өзіндік тормозной несін беріп жібереді. Ол «свой» деген сол біздің формированиеге қатты әсерін тигізеді. Әсерін тигізгенде сол бос вагонды выдавливать етіп шығарып жіберген де, сол поперек тұрып қалып, соның үстіне бір жерге 67 метр көлемінде барлық вагон жиналған.

Сот отырысында аймақтағы көлік прокурорының аға көмекшісі сот төрағасынан қылмыстық істі қысқартуды сұрады.

Махмұт Отан, ОҚО көлік прокурорының аға көмекшісі:

Қылмыстық кодекстің 6-бабы және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 35-бабының 1 бөлігінің 6-тармағына сәйкес осы қылмыстық істі өндірістен қысқартуыңызды сұраймын. Азаматтық тәртіпте қарауға жатады деп санаймын.

Мұрат Қалымбетов, адвокат:

Біз онымен келіспейміз. Себебі бұл баппенен қысқарту үшін, біздің әуелі кінәлі екенімізді дәлелдеу керек.

Еске салайық, 58 вагоны бар жүк пойызы 5 мамырда аударылған болатын. Қатты соққыдан құлаған 29 вагонда құрылыс заттары мен астықтан бөлек, күкірт қышқылы тиелгендері де болды. Соның үшеуіне зақым келген. Сотқа тартылған азаматтар сол оқиғадан соң қызметінен төмендетілді. Келесі сот отырысы қаңтардың 29-на белгіленді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ