$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Қазақстандық шекарашылар өткен жылы бір жарым тоннаға жуық есірткі заттарын тәркілеген

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
1455
Қазақстандық шекарашылар өткен жылы бір жарым тоннаға жуық есірткі заттарын тәркілеген

Қазақстандық шекарашылар өткен жылы бір жарым тоннаға жуық есірткі заттарын тәркілеген. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери кеңесінде мәлім болды. «Жиында 2014 жыл қорытындылары жарияланды», - деп шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы шекарашылар контрабанданы анықтау, есірткі ұстау деректері бойынша 24 мыңнан астам құқықбұзушылық анықтаған. Заң бұзушылықтар негізінде 190 қылмыстық іс қозғалып, он бір мыңға жуық азаматқа айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 168 миллион 888 мың теңгені құрады.

Жиын барысында шекара қызметін қару-жарақ, техника құралдарымен жабдықтау ісі жалғасып жатқандығы да айтылды. Мәселен, жуырда «АН-74» ұшағы, екі бірдей «Ми-17» көліктік әскери тікұшағы алынған. Сондай-ақ, 9 әуе кемесі заман талабына сай жөнделіп, жаңартылған. Әскери кеңес қорытындысында «Семей» шекаралық жеке бақылау әскери бөліміне жауынгерлік ту тапсырылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Нұртай Әбіқаев үздік шекара жасақтары мен үздік шекарашыларды марапаттады.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы:

Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан атқаратын міндеттер де ортақ. Ол - еліміздің ұлттық қауіпсізідігін қамтамасыз ету.

Жұрағат БАМАН