$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
1585
Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды

Алматы қаласының әкімі 11 жеңіл автокөліктің соқтығысуына себепкер болған автобус апатына қатысты жол-көлік оқиғасын жіті тексеріп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырды. Ірі жол апаты Алматыда жексенбіде болды. «Қазақфильм» ықшам ауданындағы Есенәлиев көшесімен келе жатқан қоғамдық көлік  өздігінен жүйітки жөнелген. Алдын ала жорамал бойынша, автобус тежегіші істен шығуы мүмкін. Жол-көлік оқиғасы салдыранын 9 адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын ірі жол көлік оқиғаларына Алматы жұртшылығы әбден бой үйреткен. ІІД ақпаратына сай, жексенбі күні 31-ші бағыттағы автобус жүргізушісі «Қазақфильм» ықшам ауданындағы аялдамадан шыққан соң-ақ, тізгінге ие бола алмай қалған. Еңіске қарай жөйткіген қоғамдық көлік алдында келе жатқан «Хюндай» жеңіл көлігін қағады. Сосын жол жиегінде қаңтарылып тұрған 8 автокөліктің барлығын жаншып өткен. Ақыры жолдың қарсы бағытына шығып, қоқыс тасымалдайтын ауыр жүк көлігіне тіреліп тоқтаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Есенәлиев көшесінің бойымен солтүстік бағытқа бет алып келе жатқан мерседес маркалы автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Көптеген автокөліктермен соқтығыс жасады. Алматы қаласы  ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.

Жеңіл автокөліктер мен автобус жолаушыларын қосқанда барлығы 9 адам ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде 3 жасөспірім қалалық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Медициналық мекеме дәрігерлері түрлі дене жарақатын алған бұл балалар бір аптадай ем алатынын айтты. Ал автобус жүргізушісінің аяқ-қолдары сынып, травматология бөліміне түскен.

Дінмұхамед Рузуддинов, Алматы қаласы №1 балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Тексеріс барысында 2 баладан жабық ми жарақаты, бас миының шайқалуы деген диагноз қойылып, ауруханаға жатқызылды. Тағы бір баланың іш белдеуінің соғылуы деген диагноз қойылып, ол да ем алып жатыр. Жалпы жағдайлары орташа деп бағалауға болады. 

Ірі жол-көлік оқиғасына себепкер болған автобус паркі осы. Жекеменшік тасымалдаушы мекеме директорын қазір құзырлы органдар сұраққа алып жатқаны белгілі болды. Ал мұнда жұмыс істейтін өзге қызметкерлер біздің сауалдарымызға жауап бергісі келмеді. Әріптестері жол апатына ұшыраған автобустың жүргізушісі кеше бірінші күн жұмысқа шыққанын айтады. Қоғамдық көліктің техникалық жағдайына қарайтын гараж меңгерушісінің де жауабы қысқа болды.  

Қалалық ішкі істер департаменті жол-көлік оқиғасына байланысты істі бірегей сот алды тергеу реестріне тіркеген. Қазір Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша күдіктілерге айып тағу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал бүгін қала әкімі осы оқиғаға орай қатаң тексеру керектігін мәлімдеді. Тіпті №2 автобус паркінің басшылығына қатысты қатаң шара қолдануды, егер онда техникалық қауіпсіздік сақталмағандығы дәлелденсе, мекемені лицензиядан айыру қажеттігін қатаң табыстады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан жазбаша хабарламада айтылды.

Айта кетейік, Алматыда қыркүйекте жеке автобус паркіне қарасты қоғамдық көлік жанар-жағармай таситын көлікпен соқтығысқан болатын. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тағы 8-і ауруханаға жеткізілген еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ