Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер палатасы өкілдері шаруалардың қаржылық сауатын арттырмақ

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
941
Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер палатасы өкілдері шаруалардың қаржылық сауатын арттырмақ

Шығыс Қазақстанда ауыл кәсіпкерлерін жаппай ағарту басталды. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері шаруалардың қаржылық сауатын арттырмақ. Ауыл шаруашылығы басқарамасының мәліметінше, 2014 жылы саланы субсидиялауға бөлінген 13 миллиард теңге қаражаттың 1 миллиарды кәдеге аспай, қазынаға кері қайтарылған. Бар мәселе шаруаның субсидия және несиелеу шарттарын білмеуінен туындаса керек. Ал өз кезегінде прокуратура ауыл шаруашылығын қолдауға арналған қаржы кейде шаруаларға тым жоғары пайызбен берілгенін анықтаған.

Шаруаларға «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдараламасы бойынша бөлінген қаражатты алу - тиімсіз. «Қазагро» бөлімдері ұсынатын несиелерді тұтынуға құлшынып отырғандар шамалы», - дейді прокуратура өкілдері. Мәселен, 15 жылқы сатып алуға кәсіпкерге 4,5 миллион теңге беріледі. Он жылдан соң қарызды 8 миллион теңгеге жеткізіп қайтаруы тиіс. Демек, қолдау ретінде қаралған қаржыға 70 пайыз үстеме қосылады.  


Руслан Шидердинов, ШҚО прокуратурасы басқарма бастығы:

Осындай тиімсіз шарттар кәсіпкерлерді шошытады. Себебі уақытында несиені төлей аларына көбісі сенімсіз.

Агробизнесте қайтарымсыз субсидиялар да қаралған. Былтыр оған үміттенгенгендер 100 шақты өтініш түсіріпті. Оған қол жеткізу үшін 200 бас асыл тұқымды мал мен аз-маз техника болуы шарт. Шағын шару қожалықтарының «қолдары қысқа». Сондықтан мұндай көмектен күдер үзгендер көп.

Игорь Шацкий, ШҚО Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  директоры:

Бұл ауылдықтарды банктерден несие алуға мәжбүрлейді. Осындай кездерде субсидиялар өз тиімділігін көрсете алмай келеді деген ойға қаласың.

Осы субсидияға сеніп, өңірдегі өсімдік шаруашылығы да біраз проблемаға тап болған. Глубокий ауданындағы үш ірі ферма 2014 жылы егістік кезінде соңғы ақшасына элиталық тұқым сатып алған. Уәделі субсидия шығынды жабады деп ойласа керек. Алайда аяқ-асты қаржыландыру талаптары өзгеріп, шаруалар шаш етектен шығынға батыпты. Былтыр ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген 13 миллирдтың 1 миллиарды кәдеге жарамай кері қайтарылды. Қызығушылық бар, бірақ ауыл тұрғындары тиісті құжатты рәсімдеуге келгенде шорқақ көрінеді.

Бағбан Тайымбетов, ШҚО прокуроры:

Мемлекет бөлген қаражат неліктен бюджетке кері қайтады. Бұл үкімет органдарының қателігі. Алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Ақша бар, ал біз кәсіпкерлерді дайындай алмай отырмыз. Бұл - үлкен кемшілік.

Бұдан былай облыста кәсіпкерлерге несие алу жолдары бүге-шігесіне дейін түсіндіріледі. Келесі аптадан бастап ауыл шаруашылығы басқармасы, қаржы ұйымдарының заңгерлері, жергілікті шенеуніктер, ұлттық палата өкілдері ауыл аймақтарды аралап шаруалармен қажетті ақпаратпен бөліседі. Егістік қарсаңында аймақтағы ауыл шаруашылығы өкілдері элиталық тұқым, техника мен асыл тұқымды мал басын сатып алуға мемлекеттік қолдау қаралған.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ