Санитарлық авиация
Жамбыл облысындағы АН-2 апатынан аман қалған жалғыз жолаушыны бүгін таңғы сағат
6-да Астанаға жеткізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Шу
аудандық ауруханасының бас дәрігері Сейсен Ақпаев - тасымалдау кезінде Әсем
Шаяхметованың халі тұрақты болғанын айтады. Зардап шегуші қазір Астана қаласындағы
№1 қалалық ауруханада жатыр.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігерлер науқастың жағдайын «тұрақты-ауыр» деп бағалауда. 3 дәрежедегі зақымданудан
есеңгірегендіктен, қазіргі уақытта жағдайын тұрақтандыру мақсатында
консервативтік терапия жүргізілуде - делінген баспасөз хабарламасында. Науқасқа
тағы операция жасалмақ.
Еске салайық, қарағандылық «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі АН-2 ұшағы өткен
сейсенбіде Жамбыл облысында «Шатыркөл» кен орны ауданында
апатқа ұшырады. Ұшақта «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлері болған.
Алдын-ала болжам бойынша
ұшақтың құлауына тұман себеп болған болуы мүмкін. Апаттан 3 экипаж мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының 3 қызметкері қаза тапты. Аман қалған
«Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бас геологы Әсем
Шаяхметова ғана. Қазір апатқа қатысты тергеу жүргізілуде.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ